🌧️
2°C
Қонаев
Сейсенбі, Наурыз 10, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ШАРУАЛАР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАЙДЫ

    10.03.2026
    in Барлық жаңалықтар, Конституция, Құқық-заң, Референдум
    ШАРУАЛАР  ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАЙДЫ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылдық округінің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Төрт түлігін түлетіп, Жер-Ананың ырысын ел игілігіне жаратып отырған еңбекқор жандарөңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Солардың қатарында «Ақбұлақ» шаруа қожалығы да бар.

       1995 жылы ірге көтерген «Ақбұлақ» шаруа қожалығы бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар, уақыт тынысымен үндесіп, заман талабын қанағаттандыруда жаңашылдықты жатсынбай қабылдай білген берекелі ұжымның қатарынан саналады. Ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы Елжан Бестібаев басшылық жасайтын қожалық еңбеккерлері жыл сайынғы маусымдық науқандарды жоғары жауапкершілікпен атқарып, қажырлылық пен табандылықтың озық үлгісін көрсетумен келеді. Қожалық иелігіндегі 120 гектар суармалы алқапты жыл сайын ерте көктемнен агротехникалық талаптарға сай күтімелдеп, өнім молшылығының негізін қалауды тұрақты жолға қойған. Қардың көбесі сөгілісімен басталатын егістік басындағы қым-қуыт тіршілік қоңыр күзге дейін бір сәт те толастамайды. Күннің аптабына, жаңбыр мен желдің өтіне күрегі мен кетпенін қарсы қоя білетін диқандардың табан ет, маңдай терінің төлемі күзгі жиын-терін науқанында ақталып, кемерінен асқан алтын дән мен таулы өңірдің дарқан дақылы қырманға тау-тау болып үйіледі,  қамбаға ырыс болып құйылады.

       Жер қадірін жан-тәнімен сезіне білетін шаруақор жандардың еселі еңбегі жыл сайын күткен нәтиже беруде. Былтыр көктем шығысымен қожалық мүшелері 70 гектар алқапқа арпа, бидай, 10 гектарға картоп егіп, ала жаздай күтіп-баптады. Тәжірибені де, қажыр-қайратты да болашақ өнімнің молшылығы жолына сарп етті. Жер-ананың ерінбей еңбек етіп, тамшылата тер төккенге төсін иітіп беретініне сенімдерін нықтай білді. Сол сенімдері селге кеткен жоқ. Нәтижесінде дәнді егістің әр гектарынан 18-20 центнерден алтын астық, картоптың әр гектарынан 200 центнерден жоғары дарқан дақыл алуға қол жеткізді. Сонымен қатар 270 гектар шабындық алқаптан 300 тоннадан аса мал азығы жиналды. Сөйтіп, қысқы мал қыстату науқанына берік қор жасалды. Жазғы нәпақасын Ойқарағай жайлауынан айырып, ойға қоң жинап түскен төрт түлік шекара ішіндегі Ояшы өңірінеқыстатылып, жиналған жем-шөптің игілігін көрді. Қазір қыстың қатал сынынан сүрінбей өтіп, көктемнің көкөзек аталатын кезеңін шығынсыз әрі қоңды күйде қарсы алып отырған жайы бар. Әрине, «Ақбұлақтың» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жетістігі қожалықтағы істің ығын, шаруаның қырын білетін еңбекқор жандардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, ұтымды ұйымдаса білуі арқылы қаланғаны анық. Қожалық агрономы Ерболжан Бестібаев пен Дәулет Шоңбаев, Әскербек Әбутәліпов, Бөкен Қайыпов сынды техниканың құлағында ойнайтын темір тұлпар тізгіншілерінің еселі еңбектерін қалаймақтаса да артық етпейді. Қыс қаһарына қажырын қарсы қоя білген қожалық мүшелері көктемгі егіс науқанына дайындықты қазірден-ақ бастап кетті. Жер жыртатын, тырмалайтын, тұқым себетін тракторлары мен тасымалдайтын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары маңызды науқанға сақадай сай. Жерге себетін тұқымдық бидай, арпа мен картоп сұрыпталып, агротехникалық талаптардан өткізілді. Осылайша келесі күздің молшылығы қазірден қалану үстінде.

        «Ақбұлақтың» шаруалары еліміздің саяси өмірінен де сырт қалған емес. Мемлекетте қабылданып жатқан түрлі деңгейдегі саяси реформалармен жете танысып, өздерінің үнін қосады, қолдауларын білдіреді. Ауылдастарын ел игілігіне негізделген бағдарламаларды қолдап-қуаттауға шақыруды азаматтық борыштары санайды. Қазір еліміз бойынша мәні терең, маңызы зор, ел болашағын айқындауға арналған жаңа Конституция жасалынып, жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылғаны белгілі. Осынау саяси науқанның құндылығын жете сезіне білген шаруақор жандар Ата Заңдағы өзгерістерді қолдап, өз ұсыныстарын айтуды, көзқарастарын өз орталарында кеңінен талқылауды күн тәртібіне қойған.

    – Жаңа Конституцияның 8-бабында жердің, жер қойнауының, табиғи ресурстардың ел игілігі үшін пайдаланылуы және кәсіпкерлік қызметке қатысты құқықтың негіздердің айқын көрсетілуі – ауыл шүаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген біздер үшін аса маңызды мәселе. Өйткені жер – ауыл адамдарының тіршілігінің өзегі, берекесі мен ырысының бастауы. Мен және әріптестерім болып айтарымыз – бұл бап ең алдымен жердің халыққа қызмет етуі керектігін нақтылап отыр. Жердің асты-үстіндегі байлықтар – елдің ортақ қазынасы. Сондықтан оны тиімді пайдалану, болашақ ұрпаққа аман жеткізу – әрбір кәсіпкер мен шаруаның азаматтық міндеті. Сонымен бірге Конституцияда кәсіпкерлікке қолдау көрсетілуі ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймыз. Шаруа қожалықтары үшін жерді тиімді пайдалану, жаңа технология енгізу, оның көлемін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Егер заң талаптары ауыл кәсіпкерлерінің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасап, жерді әділ әрі ашық пайдалануға мүмкіндік берсе, бұл ел экономикасының дамуына да үлкен үлес қосары сөзсіз. Жер – ата-бабадан қалған аманат.Сол аманатты сақтап, ел игілігіне жарату – баршамыздың ортақ парызымыз, – дейді қожалық басшысы Елжан Бестібаев.

       15 наурызда өтетін жаңа Конституциянықабылдауға арналған референдумды «Ақбұлақ» шаруа қожалығының мүшелері толығымен қолдайды және ауыл халқын осынау ел болашағын айқындайтын мәні терең, маңызы жоғары саяси науқанға қатысып, лайықты таңдау    жасауға шақырады.

                                                                            Жұмабек ТҰРДИЕВ

                                                                           Райымбек ауданы

     Райымбек ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    БАСПАНАЛЫ БОЛУ – БІР БАҚЫТ
    10.03.2026
    КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ «НАУРЫЗ АГРО» ЖШС ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
    10.03.2026
    ОСМС в действии: как жителю Конаева помогла современная хирургия
    10.03.2026
    КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ «АЙНҰР» МЕКТЕБІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
    10.03.2026
    Коалиция мүшелері Талғар Политехникалық колледж ұжымымен кездесті
    10.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>