Биылғы көктем бірқатар талғарлықтар үшін қоныстойын тойлайтын ерекше мерекеге айналды. Панфилов ауылдық округіне қарасты Түзусай ауылында әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтағы 55 адам баспаналы болды.
Күнтүзбе бойынша көктем кіргенімен, ауа райыәлі де айтарлықтай салқын. Соған қарамастан, көп пәтерлі 6 үй орналасқан тұрғын үй кешенінде көңілді музыка ойнап тұр. Жиналған жұрттың көздерінде қуаныш, жүздерінде күлкі. Олардың дені көп балалы, жалғыз басты аналар, мүгедекжандар және жылдар бойы баспана кезегінде тұрған осал топтағы отбасылар. Шын мәнінде бұл азаматтар көптен бері өздерінің тұрғын үй жағдайларының жақсаруын күтті және Республикалық бюджеттен қаржыландырылғанмаңызды әлеуметтік жобаны іске асырудың арқасында армандарына қол жеткізді. Сол себепті де енді бұл оқиғаны ондаған адамның өміріндегі болашаққа сенімін арттырғанын жарқын сәт болды деп сеніммен айтуға болады.
Баспана кілтін тапсыру рәсімінде аудан әкімі Танат Айдарбеков жаңа қоныс иелерінқуаныштарымен құттықтап, бұған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен аудандық құрылыс бөлімінің бірлескен жұмысының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
– «Отбасы банкі» АҚ мен Талғар ауданы әкімдігі арасында мемлекет берген 153 жалға берілетін пәтерді бөлу туралы келісімге қол қойылды. Бүгін 55 жалдамалы пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына табысталады. Сонымен қатар, өткен жылы Талғар ауданының құрылыс басқармасы 205 пәтер сатып алды. Биыл кезекте тұрған азаматтарға 205 пәтер беріледі. 2026 жылы жалпы 358 пәтер өз иелерін табады. Бүгін – 55 отбасы үшін ең бақытты күн, олар баспаналы болып отыр. Ал баспана – адам өміріндегі ең маңызды мәселе. Президент саясатының арқасында ауданымызда жыл сайын жүздеген отбасының тұрғын үй жағдайы біртіндеп жақсарып келеді, –деді аудан басшысы.
Баспана кілтін алып, осындай салтанатты шара өткізуге себепші болған жандарды қоныс тойларымен құттықтаған Таңат Есенкелдіұлы енді олардың өмір сүру сапасы едәуір жақсаратынын айтып, барлығына амандық, мықты денсаулық, бақ-береке, ал елімізге өсіп-өркендеу тіледі. Ол сондай-ақ 15 наурызда біздің мемлекетіміз үшін тағдыршешті қоғамдық-саяси оқиға – Жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдум өтетінін еске салды.
Жаңа қоныс иелерін ақсақалдар атынан құттықтап, Бесағаш ауылдық округінің ақсақалы Жұмахан Дәулетшин ақ батасын берді.
Одан кейін пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Аудан басшысы олардың әрқайсысына баспана кілтін ғана емес, сонымен бірге мерекеге орай сыйлық та табыс етті. Ұлттық дәстүрімізге сай ардақты аналар шашу шашқаннан кейін шараға қатысушылар үй ішіне кіріп,бөлмелерді аралап көрді. Ал бұл сәтті ұзақ жылдар бойы күткен жаңа пәтерлердің бақытты иелері қуаныштан көздеріне жас алды. Олардың арасында осы күнді 12 жыл күткен үш баласы бар жалғыз басты ана, 22 жыл күткен Чернобыль апатының ардагері Жалғасбай Раметов сынды жандар бар.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы



