Бүгінгі республикалық референдумда ел алдында жүрген танымал азаматтар – өнер адамдары, спортшылар, қоғам қайраткерлері белсене дауыс беріп жатыр. Солардың бірі – танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіш.
Талғар ауданы Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде дауыс берген әншіден референдум жайлы бір-екі ауыз пікір білдіруін өтіндік.
– Біз, өнер адамдары – ылғи ел алдында жүрген азаматтармыз. Сол себепті өзіміз де, сөзіміз де, айтқан пікірлеріміз де әрқашан жұрттың аузында. Өз басым жаңа Конституция жобасын толық оқып шықтым. Мемлекет дамуының басты құқықтық құжаты ретінде мұнда қолданыстағы Ата Заңға салыстырғанда көптеген өзгеріс бар.
Енді осы Жаңа Конституция жобасының қабылдануы – бүгінгі референдум нәтижесіне байланысты. Бұл тұрғыда бізге тек өз еліміздің халқы ғана емес, бүкіл әлем көз тігіп отыр. Тіпті бұл референдум біздің ойы озық, саяси ұстанымы берік ұлт екенімізді айқындайтын сәт деуге болады. Сол себепті де мен саналы түрде дауыс беруге келдім. Мұндай кезде еліміздің кез келген азаматы шет қалмауы керек, – деді әнші.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




