Белгілі күйші-композитор Қызырхан Бабақұмарұлы Жамбыл ауданында республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.
Ол 1959 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Еңбек жолын Жеменей ауданындағы №2 мектепте ұстаздықтан бастаған. Бүгінде Алматы облысының Жамбыл ауданында тұрады, қазақтың күй өнерін насихаттауға сүбелі үлес қосып келеді.
Қызырхан Бабақұмарұлы – «Күй-керуен» атты 60-тан астам күй топтастырылған екі жинақтың авторы. Сонымен қатар оның жиырмадан астам авторлық күйлері мен әндері бар.
Ол қазақтың дәстүрлі күй өнерін дәріптеуге үлкен үлес қосып, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің өнер мұрағатына 50-ден астам күй, «Домбыра» ұлттық телеарнасына 15 күй және «Шалқар» радиосының алтын қорына 40-тан астам күй енгізген.
Қызырхан Бабақұмарұлы – «Қазақстан авторлар қоғамының» мүшесі, «Қазақстан Республикасының күйшілер одағының мүшесі», сондай-ақ «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісінің иегері.
Биыл ол жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арнап күй жазып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге үлес қосты. Өнер иесі бүгінгі маңызды саяси науқанға қатысуды азаматтық жауапкершілік деп санап, ел болашағына бей-жай қарамай, референдумда өз дауысын берді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы



