Алматы облысының бірқатар учаскелерінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Қатысушылар еліміз үшін маңызды сәтте өз таңдауын жасады. Сондай-ақ спорттың түр-түрінен өткізілген іс-шараларда өз бағын сынап көрді.
Сайыс Қонаев қаласы, Қарасай және Талғар аудандарының спорт мектептерінде орналасқан учаскелерде өткізілді. Жастардан бастап, аға буын өкілдері де белсенділік танытты. Тұрғындар ләңгі тебу, арқан тарту, асық ойнау, тоғызқұмалақ, садақ ату бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Үздік шыққандар салтанатты түрде марапатталып, сыйлыққа ие болды.
Осылайша мәні терең саяси науқан ұлттық дәстүрмен үйлесіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Жас ұрпаққа ұлттық ойындарды насихаттауға мүмкіндік берді. Ең бастысы – референдумда әр азаматтың дауысы маңызды екенін ұғындырды.




