Қазақтың дәстүрлі жыл қайыруы бойынша биылғы жылқы жылы, григориан күнтізбесімен келсек 2026 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Асы жайлауынан аққан судың сағасында Бақай тауының етегінде орналасқан Асысаға ауылындағы Т.Қабылов атындағы орта мектептің іргетасы қаланып, оқу-ағарту саласында ізгілікті жұмыс атқарып келе жатқанына ғасыр толып отырған мерейлі жыл саналады.
Республика көлемінде ғасырлық межеге жеткен мектептердің саны көп деп айтуға келмейді. Бұрынғы шелек ауданы, қазіргі еңбекшіқазақ ауданындағы табиғаты тамаша тау етегінде орналасқан қарапайым ауыл мектебінің жүз жылдық хронологиясы болса, бұл бір ғана ауылдың емес, берісі облыстың, арысы республиканың тарихи айтулы шежірелік баяны. «Елу жылда ел жаңарып, жүз жылда қазан» болатынын ескерсек, қарапайым ауыл мектебі қазақ дейтін аймаңдай елмен бірге ресейдегі патшалық үкіметтің құлап, кеңестер жүйесі дейтін алпауыт державаның құрылғаны мен күйрегенін, «тәу етер тәуелсіздіктің» арайлы таңын атырып, үмітті күнін ертеңіне жалғап келе жатқанына да жүз жыл толуы талай тарихтан сыр шертеді. Аядай ауыл мектебі саяси-қоғамдық жағдаяттардан тысқары өмір сүрмейтіндігі анық. Әлеуметтік тұрмыстық өмірдегі алма кезек ауысқан қоғамдық формацияларды басынан өткерген білім ұясын қастерлі қара шаңырақ деп айтуға толық негіз бар. Тарихи әлеуметтік хронологиядағы ғылыми классификацияға сәйкес ширек ғасыр жиырма бес жылда өмірдегі бір буын ұрпақтың алмасатынын ескерсек, жүз жылда төрт буын ұрпақты алмастырған қоңыртөбел ауыл мектебінің айтқанынан айтары көп, бергенінен берері көп екендігі талассыз аксиома.
Ғасырлық межеге жеткен қара шаңырақтың ел мен жерге, тұлға мен тұғырға қатысты тарихқа бай екендігі сөзсіз. Алайда жүз жылдық жылнамасы бар мектептің тұтас тарихын айтып тауысу әсте мүмкін емес. Жүз жылдық тарихты жүз беттік кітапқа баласақ, біз сол жүз беттік кітаптың сарғайған бір бетінің тарихи бедеріне қатысты қысқа ғана естелік-эссе айтпақпыз. Мың сан оқушыға алтын ұя, құттыхана болған мектебіміз ұланғайыр қазақ даласына кеңес үкіметі орнап, 1926 жылы жаппай сауатсыздықты жою мақсатында қабылданған республикалық қаулының негізінде алғашқы іргетасы қаланған екен. Жүз жылдық тарихи мектептің бастапқы қабырғасы шежірелі шелекті билеп төстеген атақты төрт байдың бірі болған Әбдіреш дейтін шалақазақ бай-көпестің тәркіленген ағаш үйінің конструкциясы арқылы Асысағаға әкелініп жасалған деседі. Ал мектептің Асысаға әкелініп салынуына, ол жерде алғашқы бастауыш білім беру мекемесінің құрылуына, құрылған мектепке қырда жүрген баланы жинау мен мұғалімдерді ұйымдастыру ісіне сол кездегі елағалары, белсенді азаматтар ұйытқы болып, жан-тәнімен қызмет еткендігі туралы мәліметтер мектеп мұрағатында сақталған. Қазақ даласында жаппай сауатсыздықты жою қаулысына сәйкес құрылған білім ордасы шелек өңіріндегі қызыл түсті ту еткен кеңес үкіметінің орнауын, ақтан азапты, қызылдан қорлықты көріп «елім-айлап» жерді тастап үдере көшкен елдің мұңын, қолдан жасалған ашаршылықтың нәубетін, елін сүйген ерлердің жазықсыз шеккен жапасын, екінші дүниежүзілік соғыстың қасыретін, социалстік қоғамның коммунизмге жетем деген иллюзиясын, бабалардың мәңгілік аңсары болған егемендіктің ерен қуанышын басынан өткеріп келеді. Жүз жылдықтың куәсі болған кәріқұлақ қара шаңырақтың бүгінгі мұраты аспан асты, жер үстінде дүния тұрғанша тұруды мақсұт етсе, алғаш ағаштан құрылып, бүгінде қызыл кірпіштен қаланған қабырғасының өзі өткенге салауат, келешекке бағдаршамдай боп көрінеді. Ел тарихының өміріндегі елеулі оқиғалар мектептің жүз жылдық тарихымен өзара үндес екендігі анық. Оған қарапайым дәлел ретінде мектептің бір кездегі оқушысы әрі түлегі, екінші дүниежүзілік соғыстың айтулы қаһарманы Кеңестер Одағының Батыры Төлен Қабыловтың есімі өзі оқыған мектепке берілуі мектеп тарихы мен ел тарихының сабақтас екендігін көрсетеді.
Бір кездегі сауатсыздықты жоюдың негізінде құрылған мектептің аты 28 жасында ерлікпен қаза тапқан Кеңестер Одағының Батыры Төлен Қабыловтың есімімен аталуының келешек ұрпақ үшін үлкен символикалық мәні бар. Ондағы символизмнің астарынан ендігі мектептің түлектері қан-қасап соғысты көрмей, бейбіт өмір майданындағы білім мен ғылымның, спорт пен өнердің, заманауи техника мен технологияның, кәсіп пен бизнестің, медицина мен инженерияның, архитектура мен скульптураның, қарапайым еңбек нарығындағы алуан-түрлі салалардың хас батырлары болуына деген өнегені үнсіз көрсетуде деп қабылдаған жөн. Жүз жылдық тарихы бар мектептің әр кезеңінде өзіндік сыр мен шер, ел мен жер тағдыры, мұғалім мен оқушы өмірі, ауыл мен қала келбеті, өмірдің әралуан құбылыстары өткенді еске түсіріп, келешекке үміт сыйлап тұрғаны анық.
Ұлт руханиятының көсемі А.Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген аталы сөзі, ғасырлық тұғырды бағындырып отырған аядай ауыл мектебіндегі аяулы мұғалімдер туралы айтпай кетпеуге болмайды. Жүз жылдықтың бедерінде төрт буынды алмастырған, төрт буын мектеп мұғалімдері білім мен тәрбие беруде өзіндік із қалдырғандығы анық. Мектеп тарихының бастапқы елу жылдығында қызмет еткен, сабақ берген ұстаздар қауымы бұл күнде өмірде жоқ. Өмір заңына сәйкес бақилық болғандығы белгілі. Ал сол кезеңдегі ұстаздар қауымының ерен еңбегі мен тәлім-тәрбиесі шәкірттерінің жүрегінде мәңгілік қалғандығына риясыз сенеміз. Ал біз бұл естелік-эссе мақаламызда мектептің үшінші ширек ғасырында еңбек еткен, өзіміз көзін көрген, алдынан сабақ алған ұстаздар жайлы жылы лепес, ыстық ықласымызды білдірмекпіз. Мектеп тарихының үшінші ширек ғасырында еңбек еткен, бұл күнде бейнеттің зейнетіне бөленген еңбек демалысындағы ұстаздар қауымы өз алдына болмысы бөлек мұғалімдер корпусы болды.
Мектеп шежіресінің төртінші буын мұғалімдері кеңес үкіметі кезіндегі еластанасы болған алматыда жоғары білім алып, институтты бітіріп жолдамамен жұмысқа келгендер я болмаса «туған жерге туыңды тік» деп маман болып оралғандар мен ауылға келін боп келіп, әже боп қалған жандардың шоғырынан тұрады. Алақандай үш жүз түтінді ауылдағы мұғалімдер мектепте академиялық ережені қатаң ұстанған педагогтар болса, мектептен тыс өмірде ардақты ата-ана, қадыры артық аға мен жеңге, жанашыр әкпе мен жезде, құдай қосқан құда-жегжат, бір туған жақын жұрағат, тәңір қосқан көрші-қолаң секілді «қарға тамырлы қандастықтан» құралған тума туысқандар боп келеді. Бұл үрдіс қазақ ауылдарындағы мектеп біткеннің бәріне тән құбылыс. Жалпы қазақ тумысынан бір-біріне өзара туысқан халық. Енді сол мектептің торқалы тойының тұсында қара шаңырақтағы мұғалімдеріміз, мектептен тыс өмірдегі жақындарымыз туралы аз-кем сөз етелік.
1978 жылы 10 жылдық жалпы білім беру мәртебесіне ие болған мектеп құрылымы бұл күндері бастауыш, орта, жоғары буын секілді жалпы білім берудің кешенді сатысын жүзеге асыруда. Енді сол жердегі әр буын сатысы толық мұғалімдер құрамынан жасақталып, ауыл баласына білім беру мен өнеге көрсетудің өзіндік үлгісін көрсетіп келеді. Біздер оқыған жылдары бастауыш буынға батырдың қызы Төленова Зағипа апай бастаған Жұмақанова Тұрар, Есенханова Гүлзира секілді аға буын өкілдерімен қатар А.Алиева, М.Искакова, К.Байжігітова, К.Шалатаева, Т.Алиева, Д.Сарсенбаева, Г.Ыдырысова, К.Ахметова, т.б. секілді бастауыш сынып педагогтары әліппеден әріпті үйретіп, ана тілімен сауаттандырып, білімнің темір қазығын тастай етіп қағып, орта буынға көшіретін еді. Мектеп тарихының үшінші ширек ғасырындағы бастауыш білім беру сатысының ұстаздары талассыз ұстаз боп туған, жорғасынан әсте жаңылмаған әлеуетті әдіскерлер, мың сан баланың қара танып қана қоймай, адам болуына ықпал еткен аяулы жандардың орны бір төбе екендігі сөзсіз.
Бастауышты бітірген ойын баласын қабылдап алған орта және жоғары буын мұғалімдері оқушы болмысына өмірлік сабақтың іргетасын пәндік білім мен дүниелік білімнің негізінде сіңіруге «өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай» бар күш-жігерін сарп еткен, бұл күндері самайын ақ қырау басқан аталар мен әжім әлімжеттік жасаған әже болған ұстаздарымыз ғасырлық мектеп тарихының жарқын бейнесі саналады. Осындай ұстаздар көшін өзінің алдындағы буыннан аманаттап алған «Қазақ КСР Халыққа білім беру ісінің үздігі» Кенжебеков Әділ ағай бастаған Нәбиев Оспан секілді сол кездегі ардагер ұстаздардың көзін көрдік. Олардың тұлғалық болмысына бала көңілмен сырттан баға беретін едік. Әділ ағай «Сәлеметсіз бе!» деп амандасатын жасөспірім ер балаларға, «Ассалмуағалейкум» деп амандасу керектігін ескертіп, қара папкасын қолтығына қысып мектепке қарай алып денесімен аяңдай басып өте шығатын еді. Бұл күндері ағайдың боз өкпе оқушы балаларға амандасу салтына қатысты ескертуін ұлттық тәрбиенің бір көзін көрсете жүргендігі деп қабылдауға болады. Айтқандай Кенжебеков Әділ ағайды Мұзтаудың мұзбалақ ақыны Мұқағалимен аралас-құралас, екеуара сыныптас болғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл да бір тарих. Ал Нәбиев Оспан ағай математика тек натурал сандар емес, Пифагордың «Дүние саннан тұратындығын» ұғындыруын мақсат еткендей көрінеді.
Мектеп қабырғасында оқытылатын стандартты пәндер «Қазақ тілі мен әдебиетінен» К.Қожанова, Ә.Мүшебаева, Ж.Сұраншин, Д.Жанұзақова, Ә.Бекенова, т.б., «Тарих, қоғамтанудан» С.Бокиев, С.Исмайлова, Б.Искакова, К.Жұмағұлова, т.б., «Математика, физикадан» М.Тамашаева, Н.Кебекбаев, И.Әмірқұлова, К.Сәрсенбаева, Б.Аманова, Е.Кенжебеков, Л.Сейітбекова, т.б., «Химия, биологиядан» Ж.Қожабекова, М.Рақымбекова, Ж.Балтабаева, т.б., «Географиядан» Б.Кебекбаева, т.б., «Орыс тілі мен әдебиетінен» А.Қалиева, К.Сәтімбекова, Л.Тілепбергенова, Р.Алиева, т.б., «Шет тілдерінен» Б.Үмбеталиева, Р.Бутабаева, З.Өмірбекова, Қ.Байысбаева, т.б., «Көркем өнер, сурет, еңбекке баулудан» Ы.Салманов, О.Төлепов, Б.Бақбергенов, Г.Құсайынова, Э.Жанпозова, т.б., «Алғашқы әскери дайындық, дене шынықтырудан» Т.Әлиев, Ғ.Рысмендиев, Ә.Бихымов, т.б. секілді педагогтар өнімді еңбек етті. Мектеп қабырғасында оқытылатын міндетті компонент саналатын пәндердің аталған оқытушылары өз пәндерінің шын жанашырлары, әдіскерлік пен тәлімгерлікті ту қылып, бар білгенін оқушы бойына сіңіруді мақсұт еткен, «адамдықтың диханшысы» бола білген, жүз жылдық тарихтың бір белесі мен бейнесіне баланған жандар. Жоғарыда аты аталған әрбір ұстаздың тұлғасы мен болмысына қатысты жеке-жеке портреттік эссе немесе естеліктер топтамасын я болмаса тұтас мектеп тарихына қатысты үлкен көлемді очерк арнасақта артық болмас еді. Бұл жұмысты алдағы күннің еншісі мен қара шаңырақ мектептің өзге де түлектеріне қалдырдық.
Жүз жылдықтың бедерінде ширек ғасырлық кезеңдегі бірнеше буынға білім берген ұстаздар легінің бұл күндері кейбірі өмірден өтіп те кеткен. Ол кісілердің имандарына салауат айтып, ортамызда аман жүрген аяулы ұстаздарға білім берген шәкірттеріңіздің ықыласына бөленіп, «алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» дегенді берік ұстанған елдің ұстанымына сәйкес, жүрген жерлеріңіз төр болсын, «немере келіндеріңіз сәлем салып, шөберелеріңіздің қолынан су ішіп», қызмет жасаған мектептеріңізбен жарыса жүз жасаңыздар деген алғаусыз көңілмен айтылған шәкірттік пейілімізді білдіреміз!
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген. Мектеп – оқушысымен мектеп. Мектептің жетістігі – оқушының жетістігімен өлшенеді. Мектеп мақтанса, түлектерімен мақтанады. Т.Қабылов атындағы қара шаңырақ орта мектептің де атын атап, түсін түстеп, айқұлақтап мақтан етерлік шәкіттері жеткілікті. Алайда біз бұл жерде бейтараптықты қатаң сақтап ешкімнің атын атамай, жалпы атауды жөн көрдік. Сол жалпылама көпшілік атаудың ішінде мектеп түлектері мен ауыл перзенттерінің есім-сойы осында түгелімен бедерленген деп қабылдағайсыздар жерлестер! Бұл күндері ғасырлық мектептің түлектері әр салада еңбек етіп, оты мен ошағына, елі мен жеріне, мемлекеттік мүдде мен ұлттық құндылықтарға, білім мен ғылымға, денсаулық сақтау ісіне, мәдениет пен руханиятқа қызмет жасап, өмірдегі өз орындарын тауып елмен бірге жасасып келе жатқан жағдайы бар. Аядай ауылдағы аймаңдай мектептің түлектері мектептен алған өнегесін «кіндік қаның тамған жерге, маңдайыңның тері де таму керек» дегенді берік ұстанып, әр жылғы түлектер бес, он, он бес, жиырма жылдық секілді кездесулер ұйымдастыруды бұлжымас салтқа айналдырғандығынан көруге болады. Ол кездесулері жай кездесу емес. Мектеп пен ауылдың кем-кетігін бүтіндеуге, жоғын түгендеуге арналған кездесуден тұрады. Соңғы жылдардың бедерінде ғана қара шаңырақтың түлектері ауылға кірген жерге ауылдың асқақ бейнесіндей арка тұрғызып, сырттан келген елге қонажайлылықтың құрметіндей ауыл сыртында қонақ күтер қонақжай орын салып, ауыл ішіне балалар алаңы мен демалыс аймағын жасауы, ауыл зиратының қорым үйін жабдықтауын мектептен алған өнегесіне баладық. Мектеп түлектерінің мұндай игілікті бастамаларына ел сүйсінерлік көз қуанарлық іс деп мақтан етуге болады. Сондай-ақ жекелеген түлектердің мектептің материалдық базасына керек-жарағымен қамтамасыз етуге ат салысуы мен ауыл мешітінің жанынан қатымхана тұрғызып ел игілігіне ұсынуы перзенттік парызы мен азаматтық ұстанымы жүз жылдық тарихи мектептен алған тәлімі деп санаймыз. Бұл үрдіс жүз жылдық мектеп тарихы мен шектелмей мыңжылдыққа ұласарына сенім артамыз. Алаштың арысы А.Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген аталы сөзіне орай, Асысаға дейтін аядай мекеннің «елі – ерімен, ері – елімен, мектебі – шәкіртімен» мақтан тұтуды нәсіп етсін!
Ғасыр тойын атап өтіп жатқан қара шаңырақ мектебіміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай! Алақандай ауылдағы жүз жылдық тарихи мектептің мұраты биік, алары мен бағындырар белесі артып, қазақ деген елмен бірге дүния тұрғанынша тұруыңды, мәңгілік елдің болашағына қызмет жасай беруіне тілектеспіз! Қара шаңырық мектептің оқушылары мен түлектері берісі республикалық арысы халықаралық белестерді бағындыруына шын көңілден ниеттеспіз! Жүз жылдықтың төртінше ширегінде қызмет жасап жатқан, бүгінгі мектеп ұжымына шығармашылық табыстар тілей отыра, ғасырлық тойларыңыз құтты болсын айтамыз!
Саян ЖИРЕНОВ
Абай ат. ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты




