⛅
9°C
Қонаев
Жұма, Наурыз 20, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Менің тұңғыш редакторым

    20.03.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Менің  тұңғыш редакторым
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Кей жұмыстан біреудің қудалауымен кетесің, кей жұмыстан өз еркіңмен босайсың. Есеп айырысқанда «Еңбек кітапшаң» қолыңа тиеді. Басқаларды қайдам, жұқа жасыл мұқабалы, сыртында «Трудовая книжка» деген жазуы бар менің қызмет орындарымның «шежіресі» екі кітапшадан асыпты…

    Бірінші бетін Жолшы ағам өз қолымен толтырып еді. «Алматы облысы Кеген аудан­дық «Коммунизм нұры» газеті­нің редакциясына радиохабарын ұйымдастырушы штатына қабылдансын», – деген жазбаны да маржандай тізілген жазуымен өзі жазған болатын.
    Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінің редакторы (ол кезде бас редактор деген лауазым тек «Социалистік Қазақстан» газетінің ғана басшысына тиесілі болды-ау деймін) Жолшы Бікебаевтың жоғарыдағы жазбаға негіз болған «1983 жылғы 5 тамыздағы №71» бұйрығымен менің еңбек жолым басталыпты.
    – Ал, батыр, қызметің құтты болсын! – деп қолымды алған соң Жөкең хатшы қызына айтып шығармашылық ұжымды жинады да, жиырма жасар жас маманды таныстырды. Мұса Жанәділов, Келеке Құсайынов, марқұм Тұрысбек Жұмабеков пен Төлепберген Баялиев еңбегіме табыс тіледі.
    Осылайша аудандық газет редакция­сындағы журналистік қарбалас жұмысқа кірістік те кеттік.
    Басшымыз қатал. Тым қатал. Инсти­тутта лекцияларға баруға ерінетін, мүйізі қарағайдай профессор оқытушылармен именбей пікір алысатын жас пері – мен үшін алғашқы айлардың сұмдық қиын болғаны есімде. Қырық жолдық хабар жазу үшін ақпарат алудың жалғыз көзі – жазу үстелімнің оң жақ бұрышында тұратын шомбалдай қара телефон. Алыс түкпірлердегі ауылдармен хабарласу қиынның қиыны. «Парткомдармен» бастықтар ғана сөйлеседі. Біздің айнал­дыратынымыз – «рабочкомдар» мен «комсоргтар». Олар да ұстата қоймайды. Егіс басында жүреді немесе жиналыста. Ебін тауып, әрең дегенде байланысқа шығып, «әке-көкелеп» фактілер ала бастағаныңда, телефон желісі кенет… үзіліп кетеді. Дук-дук-дук… Ондайда отыра қалып жер тепкілегің келеді. Кешке дейін қырық жол хабар бермесең, жауапты хатшы мәселеңді редактордың алдына апаруы мүмкін…
    Ал басшы қатал. Тым қатал. Жолшы ағамның алдында талай тұрдым-ау сүмірейіп. Әуелі біраз қуырып алады. Сосын асықпай, баптап, ақыл айтуға кіріседі. Өзінің алғаш жұмыс бастаған кездегі тәжірибелерін айтады. Бастықтың алдынан үлкен сабақ алып шығасың. Өндірістегі сабақ институттағы сабақ емес. Он есе пайдалы практикалық сабақ. Осы сабақтар әуелі нәтижесін, кейіннен жемістерін де бере бастады.
    Аптаның үш күнінде 15 минуттан радио хабарларын әзірлеу, хабар­лар, репортаждар жазу, айына бір рет «Әдебиет бетін» шығару сияқты толып жатқан жұмыстарды шемішкеше шаға­тын болдық.
    «Әдебиет беті» демекші…
    Маған дейін ақын Мұса Жанәділов жүргізіп келген әдебиет және өнер бетін ұйымдастыруды үлкен сеніммен маған тапсырғанда жүрексінгенім рас. Жолшы аға қолтығыма қанат бітіргендей болды.
    – Газетке жақсы өлеңдер мен әңгіме­лерді іріктеп, әзірлеу арқылы өзің де жақсы жазуға ынталанатын боласың, – деді газет басшысы сынай қарап.
    Жолшы ағамның осы үмітін барынша ақтауға тырыстым.
    Қайсыбір дүниелер редактор алды­нан кері қайтқанда, қарадай қысыласың. Жөкең бетті ортан белінен төмен бір қайырып, қайырылған ашық тұсқа ескертпелерін жазады. Орынбасарынікі сияқты орашолақ емес, тап-тұйнақтай, нақты ескертпелер. Енді әлгі дүниеге әдеби қызметкер немесе радио хабарын ұйымдастырушы емес, редактордың көзімен қарап, қайта редакциялайсың. Редактордың осындай қатаң сүзгісінен өтіп, газет бетіне жарияланған дүние­лердің көзіңе сонша ыстық көрінетіні де өткен күндер елесіне айналыпты…
    Жолшы ағаның тұсында «Коммунизм нұрында» талай-талай күлкілі жағдайлар да жиі ұшырасып тұратын.
    Бірде көрші ауданнан Е. деген жас жігіт келіп, редакциямызға тілшілік қызметке орналасты. Алаңғасарлығы да, қожанасарлығы да бір басына жеткілікті ақкөкірек азамат екен. Денсаулығындағы жалғыз кінәрат – бір көзі көрмейді. Бала күнінде ақ түсіп, содан жанар­дан айырылған. Біз енді қаламгерлер арасында қалыптасқан этикалық нормаға сәйкес бұл азаматты «жас тілші» деп атап, әңгімені әрі қарай жалғайық.
    Сөз басында айттым, аптасына үш мәрте жарық көретін газетті толтыру барысында іске татыр қырық-елу жол хабар табу қияметтің қияметі деп. Осындай қарбалас күндердің бірі еді. Бұл кезде Жолшы ағамның мейірімі түсіп, маған жеке кабинет берген. Фототілші Нұрболат құрдасым екеуміз оңашаланып алып, небір қызықтар ойлап табамыз. Сенбілік туралы хабар таба алмай, зыр жүгіріп жүрген жас тілшіні көрген Нұрболат телефонды қағазбен орап, даусын сәл өзгертіңкіреп, көрші кабинеттегі жас тілшіге звондады. «Осылай да осылай, мен Қарқара орта мектебіндегі кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Пәленше Түгеншеев деген замандасыңыз едім. Сенбілік туралы газетке мақала шығартуды маған тапсырған болатын. Соған орай, сізге біраз пәктілер берейін деп… Өзіңізді сыртыңыздан жақсы танимын. Жазғандарыңызды сүйсініп оқып жүремін…».
    Өзі хабар іздеп, таба алмай, тауы шағылып отырған жас тілшінің есі шығып кетеді. «Болды, болды. Айта беріңіз. Жариялатып беремін!». Пәленше Түгеншеев пәктілерді қолмен қойғандай тізіп айтып берді. «Бүкілодақтық лениндік қызыл сенбілікке бір кісідей жұмыла кіріскен біздің мектептің ұжымы ауыл көркіне көрік қосып, ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, мектеп ауласына және ауыл ішіне 150 түп алма ағашы, 100 түп алмұрт, 50 түптен қара өрік пен сары өрік және 30 түп шабдалы ағашы отырғызылды…».
    Ойдан шығарған өтіріктерін жас тілшінің жанталаса жазып алып жат­қанына шабыттанып кеткен Нұрболат тағы біраз «пәктілерді» жіпке тізгендей айтып берді. Осының бәрін жас тілші мұқият қағазға түсіріп алды.
    Оқиғаның бұдан арғы шарықтау шегі редактордың кабинетінде жалғасты. Редакцияда қалыптасқан тәртіп бойынша әр тілшінің қолжазбасын машинкаға дейін редактор, болмаса редактордың орынбасары оқып, түзетіп, машинкаға, сосын барып, әбден тазаланған соң теруге жібереді. Осы жолы жас тілшінің хабары Жолшы ағаның алдына келген. Редактордың көзі алақандай болған. Дереу жиналыс шақырылды. Ортақ сұрақ біреу: «Қарқарада қашаннан бері алма, алмұрт, өрік пен шабдалы ағаштары отырғызылатын болған?» Жас тілшіміз үнсіз. Сәлден соң «Шонжыда отырғызатынбыз…» деді мұрнының астынан міңгірлеп. Дәл осы сәтте Жолшы ағамыз шарт кетті.
    – Өй, жетесіз! Алты ай бойы қыс болатын, қары мамырдың аяғында әрең кететін Қарқара Шонжы емес қой! Осындай өтірікті шімірікпей жазғанын қара мұның. Көзіңді ағызып жіберейін бе осы!
    Әңгімеге Жолшы ағаның құрдасы Нұрданбек аға араласты:
    – Жөкелай-ау! Жас тілшіміздің жалғыз көзін ағызып жіберсең, су қа­раңғы болып мүлде жаза алмай қалады ғой…
    Бағанадан бері әліптің артын бағып отырған журналистер ду күлісті. Жолшы ағаның өзі де күліп жіберіп, «барыңдар» дегендей қолын бір сілтеді. Ойыннан от шығарып ала жаздаған Нұрболат екеуміз елден бұрын кабинеттен атып шықтық. Жас тілшінің көзінде «бар бәле сендерден-ақ келді ғой» деген күмән. Өлсек мойындаймыз ба! Бұл оқиға «Коммунизм нұрының» жекеменшік анекдоты ретінде күні кешеге дейін кегендіктер арасында айтылып жүрді.
    1990 жылдың көктемінде жаңадан ашылып, шаңырақ көтерген «Алматы ақшамынан» марқұм Қайрат достың ықпалымен шақырту келді. Аяулы Алматыға қарай «құйысқан көтерілді». Жолшы аға ұжымды жинап, ақ жол тілеп, ақ батасын берді. Тұңғыш редакторымның, еңбек жолымдағы алғашқы ұстазымның ақ тілегін арқалап Алматыға аттандым. Кейіннен «Өркен-Горизонт» газеті бас редакторының орынбасарлығына тағайындалғанымда Жолшы аға қатты қуанды. «Менің шәкірттерімнің ішінен шыққан тұңғыш редактор өзің болдың, Кәдікен!» – деді жанары жасаурап. Алматылық достар арасында әркім өз ұстаздарын айта бастағанда мен де «Жолшы ағамның кең қолтығынан шыққанмын» деп мақтанатын болдым. Осы әңгіме құлағына жетсе керек, бір кездескенде кең құшағына алып, шын ниетімен маңдайымнан иіскеп: «Әлі өсесің!» – деді үлкен сеніммен. Сол сенімді ақтай алдық па екенбіз?..
    Бұрнағы бір жылдары ауылдағы аяулы күндерді еске алып, «Коммунизм нұры» деген өлең жазғаным бар.
    Сөз ет мейлі, енді бүгін сөз етпе,
    Сағыныштың табы қалды өзекте.
    Өткен ғасыр өнімді еңбек жасадық
    «Коммунизм нұры» дейтін газетте, – деп басталатын өлеңде сол өткен шақтың жақсы жақтарын біраз дәріптеппін. Өлең:
    Сөз айтуға үйренгенбіз бұлтақсыз,
    Етек-жеңді есіркейді қымтап күз.
    Өткен ғасыр, өткен шақтың өтінде,
    Коммунизм нұрын көрген ұрпақпыз», – деген шумақпен түйінделіпті.
    Иә, менің еңбек кітапшам «Коммунизм нұры» газетіндегі қызметпен ашылып еді. Ашқан – «Коммунизм нұры» газетінің басшысы Жолшы Бікебаев болатын. Еңбек жолымның бастауында тұрған алғашқы бастығым.
    Естен мәңгі кетпейтін менің тұңғыш редакторым!

    Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
    ақын,
    Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

    Соңғы жаңалықтар

    Балдай тәтті балмұздақ
    20.03.2026
    Тәні саудың – жаны сау
    20.03.2026
    Жаңаруға бастаған
    20.03.2026
    Ырысы алды – ынтымақ
    20.03.2026
    Қарттарға құрмет
    20.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>