Кеген ауылында Әз Наурыз мерекесіне орай, орталық алаңдағы бас сахнада «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты гала-концерт өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған шара Қыдыр атаның ақ батасымен және арнайы сахналық қойылымымен басталды.
Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков тұрғындарды Әз Наурыз мерекесімен құттықтап, ел өміріндегі маңызды өзгерістерге тоқталды. Ол өз сөзінде 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумның маңызын және Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Конституцияның ресми түрде күшіне енуін ерекше атап өтті.
Биылғы Наурыз мерекесі жаңартылған «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында онкүндік ретінде тойлануда.
– Бұл концерттің негізгі мақсаты – көктем мерекесін ұлықтау, ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеу, халықтың бірлігі мен татулығын нығайту болып табылады, – деді аудандық Мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы.
Сондай-ақ, концерт барысында ақпан айынан бастап аудан көлеміндегі дарынды өнер иелерін анықтау мақсатында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Мәдениет – елімнің қазынасы» байқауының қорытындысын аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы жариялап, үздік шыққан ауылдық округтерге сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
Бас жүлде (700 000 тг) Қарқара ауылдық округіне бұйырды. І орын (500 000 тг) Жалағаш ауылдық округіне, ІІ орын (300 000 тг) Тұйық ауылдық округіне, ІІІ орын (200 000 тг) Бөлексаз ауылдық округіне тиді. Ынталандыру сыйлықтары (100 000 теңгеден) Тасашы, Ұзынбұлақ, Саты, Жылысай, Алғабас, А.Нүсіпбеков атындағы және Кеген ауылдық округтеріне табысталды.
Мерекелік концертте еліміздің танымал эстрада жұлдыздары Жігер Ауыпбаев, Нұрым Қуаныш, «Самұрық» этно ансамблі, «Самұрық» дуэті өнер көрсетті.
Аудан өнерпаздары, атап айтқанда Дидар Асанов, Ақмарал Сүлейман, Баһаргүл Айтбаева, Біржан Өмірбек, Шәмші Мәжіт, Ораз Беделхан, Айдын Алтай шырқаған патриоттық және халық әндері көпшілік көңілінен шығып жатты.
Орталық алаңға жиналған ел әнші Жігер Ауыпбаев, Нұрым Қуанышпен бірге қосыла ән шырқап, «Самұрық» дуэтінің әніне биледі. Ал, «Самұрық» этно ансамблінің орындауындағы композициялар көпшіліктің көңілінен шықты. Шара барысында «Ұшқын» және «Жұлдыз» би топтары аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бимен көркемдеді.
Осылайша, «Қош келдің, әз-Наурыз!» гала-концерті Кеген аспанын ән мен күйге бөледі.
Айта кету керек, мерекелік іс-шаралар дәстүрлі түрде әр ауылда, мәдениет ошақтары мен білім ордаларында жоғары деңгейде өткізілуде.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы