Қарадаладағы наурыз тойы орталық алаңда өтті. Аудан орталығы Шонжыдағы алаңда қарақұрым халықтың саны көп. Ұлттық киім киген әжелер мен аталар немере-шөбересін ертіп алған. Қыз-келіншектер де ұлттық киім киіп, көркіне көрік қосқан. Алаңды айнала тігілген ақшаңқан қазақ үйлер нағыз тойдың, ұлы тойдың болғанынан хабар бергендей. Мерекеге сай безендірілген алаңда наурыз көже беріліп, сары қымыз сапырып, қазан-қазан ет асылып, әрбір келген қонаққа дәм татырып жатты. Берекенің мерекесі екенін аңғартты осы көріністер.
Алаңда мерекелік шара да ерекше бастау алды. Жер әлемнің түрленіп, жасыл желекке боянып, бар тіршілік оянғанынан сауын айтып, сүйіншілеген дауыстар елді елең еткізді. Осылайша «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара басталып кетті. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, күн мен түнді теңестіріп, көктем шуағын төгіп, қыстың көбесін сөгіп, тірлік атаулыға жан бітіріп, табиғат әлемді көкке орап, көңілдерге ән сыйлап, жүректерге жыр сыйлап келген Ұлыстың ұлы күнінде қазақтың дара боз ақыны Жамбыл мен атағы алты Алашқа мәлім дауылпаз ақын Құлмамбет ақынның жыр жодасы ұсынылды халыққа. Ынтымақ пен пен бірлікті жырлаған қос ақынның додасынан кейін Қыдыр атамыздың ақ батасын алдық. Әжелеріміздің ақ шашуын ханталапайлап таладық. Артынша сахнаға бүлдіршіндеріміз шықты. Олардың мың бұрала билеген билері де, әуелете шырқаған әндері де елдің мерейін одан сайын үстем етті.
Аудан әкімі Бота Елеусізова құттықтау сөзге шығып, дүйім жұртқа ақжарма тілегін ақтарды. Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, еліміздің амандығын тіледі. «Ұлы даламызда сан ғасырлар бойы тойланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлық мереке – Наурыз. Күн мен түннің теңелетін осынау ерекше күнін – жаңару мен жасарудың нышаны, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы деп құрметтеп, береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы ретінде дәріптеген», – дей келе, аудан әкімі мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып отырған наурызнама онкүндігінің біздің ауданда да жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта кетті. Наурызнама аясында түрлі қайырымдылық шаралары жүзеге асып, тал-терек отырғызылып, нағыз жаңарудың мерекесін атап өтіп жатқанымызды да сөз етті. Бірқатар азаматтарға марапаттар да табысталды.
Наурыз – табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Сонымен қоса, ерте кезден-ақ бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, бауырластыққа, татулыққа шақыратын ерекше сипатқа ие. Бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бір-бірін мерекемен құттықтап, қуаныштарын ас та төк дастарқанға салған ағайынның барлығы өз киіз үйлерінде жайылған дастарқаннан ас ауыз тигізіп жатты. Ынтымақ, бірліктің нышанын көрсетті. Ортада қазақтың ұлттық ойындары да ойнатылып жатты. Осылайша наурыз мерекесін Қарадала халқы үлкен дәрежеде атап өтті.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




