Іле ауданындағы референдум учаскесінде Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлемдік жарыстарда талай мәрте топ жарған, ұлттық құраманың көшбасшысы Демеу Жадыраев азаматтық борышын орындап, референдумда дауыс берді. Бұл спорттағы шеберлік пен азаматтық жауапкершіліктің үндестігін көрсетті.
2024 жылғы Олимпиада ойындарында спортшы қазақ елінің абыройын асқақтатты. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, қарсыластарына дес бермеді. Соның ішінде Қырғызстаннан шыққан екі дүркін әлем чемпионын жеңіп, финалда жапондық балуан Нао Кусакамен кездесті. 5:2 есебімен аяқталған белдесу нәтижесінде Демеу Жадыраев күміс жүлдені иеленді. Бұл Қазақстан спортшыларының табандылығын, тәртібі мен шеберлігін әлемдік аренада дәлелдеді. Сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттарында үздік шығып, өз салмақ дәрежесіндегі ең мықты балуанның біріне айналды. Оның спорттағы белесі жас балуандар үшін үлгі.
«Бүгін әрбір азамат елдің болашағы үшін өз таңдауын жасайды. Мен де қалыс қалмай, дауыс беруге келдім», – деді Олимпиада жүлдегері. Демеу Жадыраев сияқты жеңімпаздардың дауыс беруі жауапкершілік сезімінің тек спортта емес, қоғам өмірінде де маңызды екенін көрсетті.




