Кеген орман шаруашылығы мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев референдумда өз таңдауын жасады. Дауыс беру күні орманшылар әулетінің өкілі Айболат Солтанғазиев саяси науқанға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, орманшылық – әулеттен жалғасқан қасиетті еңбек.
– Орманшылар әулеті – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мамандық. Менің атам да, әкем де орманшы болып еңбек еткен. Өкінішке қарай, олар бүгінде арамызда жоқ. Қазір сол әкелеріміздің жолын жалғап, орман шаруашылығы саласында он жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Қазақстанның жасыл желегін күтіп-баптау – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан мемлекетіміздің тағдырына бейжай қарамай, азаматтық борышымды орындап, референдумда дауыс беруді маңызды деп санаймын. Еліміздің болашағы жарқын болады деп сенемін, – деді ол.
Айта кетейік, аудандағы сайлау учаскелері таңғы сағат жетіден бастап тұрғындарды қабылдай бастады. Кеген ауданында референдумға қатысу белсенділігі жоғары. Түске дейін сайлаушылардың едәуір бөлігі келіп, өз таңдауын жасап үлгерді.
Дәурен Әбутәліпов
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




