Өрттің алдын алу үшін сақадай сай дайындық қажеттігі сөзсіз. Кейбір деректерге көз жүгіртсек, жылына елімізде 10 мыңнан астам өрт болып, одан үш жүзден астам адам зардап шегеді. Әрине, бұл сандар әр жылда құбылмалы болары анық. Сондықтан осындай қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында елімізде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы қолға алынған.
Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылында аталған бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – ауыл азаматтарының бірлігінің арқасында жасалған игі қадам. Бұған дейін «Бірлік» өндірістік кооперативіне тиесілі ғимарат енді жаңа сипатқа ие болды. Аталмыш мекеме демеушілік жасап, ғимаратты ел игілігіне берді. Ал жұдырықтай жұмылған қырғызсайлықтар бірнеше ай ішінде-ақ 4-5 миллион көлемінде қаражат жинап, оның ішін өрт сөндіру бекетіне ыңғайлады.
Ауыл әкімі Жәнібек Айғожаевтың айтуынша, бұл бекет Қырғызсай ауылы ғана емес, өңірдегі бірнеше елдімекеннің өрт жағдайында тез қимылдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы ауылдағы алты азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылуына да септігін тигізбек. «Қазір білімі, қабілеті бар жастардың барлығы қалаға кеткісі келеді. Ауылда тұрақтау қиын. Сондықтан біз осындай жұмыстарды қолға алып, барынша ауыл жастарын туған жерінде қалдыруға күш салып жатырмыз», – деп өз ойымен бөлісті.
Салтанатты шарада Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалибек Дынысбаев ізгі ниеттерін білдірді.
Аудан әкімі Бота Серікқызы мемлекеттен бір тиын да бөлдірмей, ауыл азаматтарының бастамасымен осындай бекеттің жасалуы көңіл қуантатынын айтты. Бұл басқа елдімекендер үшін үлгі екенін жеткізді. Алдағы уақытта да ел-жұрттың осындай бірлігі мен татулығы тарқамай, игі істердің жалғаса беруін тіледі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Дәулетқанұлы ауыл әкіммі Жәнібек Абиырұлына өрт сөндіру көлігінің кілтін табыстады.
Бекеттің лентасы қиылған соң ауыл аналары шашуларын шашып, мәре-сәре күйге енді. Келген қонақтар мен ауыл тұрғындары өрт сөндіру бекетін аралап, бір-бірін құттықтап жатты.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы



