SDU Universitety бүгінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Мұнда жылына тоғыз мыңнан аса студент оқиды. Солардың қатарында 300-ге жуық шетелдік білімгер бар. Наурыз мерекесі қарсаңында біз Нигериядан келген үшінші курс студенті Абдулла Зубайрумен жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Абдулла, сіз Қазақстанға, соның ішінде осы оқу орнына қалай келдіңіз?
– Мен мектепті бітіргеннен кейін білім беру сапасы жоғары шетелдік оқу орнына түсуді мақсат еткен едім. Сондықтан әлеуметтік желіге шығып, SDU Universitety студенттерімен хабарластым. Қазақстан Республикасы мен университет жайында сұрап білдім. Бұл жақта білім алған шетел азаматтары халықтың меймандостығы, жерінің көркемдігі, білім сапасының жоғары екендігі туралы жақсы пікір білдірді. Мұнда келуіме отбасым да қарсы болған жоқ. Осылайша, ойламаған жерден бұрын естіп-білмеген Қазақ жеріне қадам бастым.
– Университетте қай тілде оқып жатырсыз?
– Нигерияда мемлекеттік тіл – ағылшын тілі. Әрине, Қазақстанға келгеннен кейін қазақ тілін үйренуге күш салдым. Бұған университеттегі қазақ достарым көмектесті. Осылайша аз уақытта алдымен түсінетін, кейін сөйлеп, жазатын жағдайға жеттім. Мұнда ағылшын тілінде де білім алуға болады, ал мен қазақша оқығым келді.
– Қазақстан сізге ұнады ма? Еліміздің біраз жерін аралаған шығарсыз?
– Иә, Қазақстан – табиғаты әсем, адамдары өте мейірімді, қонақжай мемлекет. «Медеу» мұз айдыны орналасқан тау шатқалына жиі барамыз. Сонымен қатар Шарын шатқалына, Көлсай мен Қайыңдыда болдық. Достарым Тараз қаласына алып барды. Бұл жерде қонаққа шақыру дәстүрі ерекше екен. Ыстық ықылас пен мол дастарқан таңданбасыңа қоймайды.
Маған қазақтың тойы қатты ұнады. Қыз ұзату, құда түсу, бесікке бөлеу, тұсау кесу сияқты дәстүр – шынымен тағылымы көп дүние. Ас мәзірі жайлы айтар болсам, ұлттық тағам – ет пен ұлттық сусын – қымыз ерекше ұнады. Үш жыл елге қайтпай, Қазақстанның қалаларын, атап айтқанда Алматы мен Астананы, Таразды араладым.
– Нигерияда Жаңа жылды қашан қарсы алады? Онда Наурыз мейрамы туралы біле ме?
– Иә, бізде Жаңа жыл әдеттегідей 1 қаңтардан басталады. Ал Наурыз мейрамы – беймәлім. Қазақстанға келгеннен бері көктем мен жаңару мерекесін көріп, оны тойлау дәстүріне куә болдым. Шынымды айтсам, бұл мереке маған керемет әсер етті. Әсіресе наурызкөже – өте дәмді тағам. Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тірлігі қай елге де үлгі боларлықтай. Қазақ халқының осындай жалпыадамзаттық құндылықты уақыт тозаңына қалдырмай, ғасырлар бойы сақтап келе жатқанына ризамын. Бейбіт аспан астында бақуатты тірлік кеше беріңіздер! Наурыз мерекесіне орай, ақ мол, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы





