Өңіріміздегі барлық референдум учаскелерінде «Рамазан берекесі» атты игі шара ұйымдастырылды. Бұл бастама қасиетті Рамазан айында ораза ұстап жүрген сайлаушыларға құрмет көрсету мақсатында қолға алынған.
Шара аясында ауыз бекітіп жүрген азаматтарға ауызашар уақытында құрма мен су ұсынылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қолдау ораза ұстап жүрген адамдардың сайлауға қатысуына қолайлы жағдай жасап, оларға құрмет білдірудің бір көрінісі.
Сайлау учаскелеріне келген тұрғындар бұл игі бастаманы жылы қабылдады. Олардың айтуынша, қасиетті айда жасалған мұндай қамқорлық адамдарды бірлікке, мейірім мен жанашырлыққа үндейді. Өзі тіркелген сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Қонаев тұрғыны Айжарық Көптілеуовпен тілдестік. Оның айтуынша Рамазан – қайырымдылық пен ізгіліктің айы. Сондықтан референдум күні ауыз бекітіп жүрген азаматтарға құрма мен су ұсынып, шағын қолдау көрсетіп жатқандар үлкен сауапты іс жасауда. «Бұл халыққа деген құрметтің белгісі» – дейді қала тұрғыны.
Айта кету керек, референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі қалыпты жағдайда өтіп, тұрғындар белсенді түрде өз таңдауларын жасауда. Сонымен қатар, Рамазан айына орай өткізілген «Рамазан берекесі» шарасы азаматтардың көңілінен шығып, көпшілік тарапынан оң бағасын алды. Жалпы, бұл бастама қоғамдағы өзара сыйластық пен жанашырлықтың айқын көрінісіне айналып, қасиетті айдағы ізгі дәстүрлердің жалғасуына өз үлесін қосуда.
Құралбек Сәбитов




