Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №123 референдум учаскесіне дауыс беруге келген халықтың көңіл күйін көтеріп, мәдениет саласының өкілдері ән мен күйден шашу шашты.
«Бұл саяси науқан ел тарихында үлкен маңызға ие. Өйткені Конституция – еліміздегі ең басты құқықтық құжат, мемлекеттің құқық жүйесінің іргетасы. Оның негізінде қабылданатын заңдар әрқайсымыздың күнделікті өмірімізге, болашағымызға тікелей байланысты. Сондықтан қоғам дамуы, жаңа заманның жаңа үдерісіне қарай Конституциямыздың да жаңарып жатуы – уақыт талабы деп білемін. Елдің ертеңі үшін жасалып жатқан әр істің басы-қасында болып, азаматтық ұстанымызды білдіру, белсенділік таныту – осы елдің азаматы, осы қоғамның бір мүшесі ретінде әрқайсымыздың борышымыз. Бүгін мәдениет үйінің қызметкерлері – өнер адамдары дауыс беруге келген халықтың көңілін көтеріп, керемет концерт қойып жатыр. «Алтын адам» әжелер ансамблі, «Жібек жолы» ансамблі, Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің дәстүрлі әншілері, «Червона рута» украин әжелер ансамблі, «Тамсан» этно ансамблі, «Халықтық ұлт аспаптар» оркестрі – бәрі бірінен соң бірі өз өнерлерін паш етіп, халықтың рухын көтеруде», – дейді Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің директоры Бауыржан Шаяхметов.
Мәдениет үйінде ән мен күйден бөлек, дауыс беруге келген халық «Алтын адам» жастар драма театрының қойылымын да тамашалай алады. Сонымен қатар «Мен дауыс бердім» фотозонасы мен «Этно-Style Transformation» бұрышында қазақтың ұлттық киімдерін киіп, естелік суретке де түсіп жатыр.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




