Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында «SMART Teacher Qonaev» жобасы аясында «Сабақ сапасын арттырудағы цифрлық құралдар мен ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбында тәжірибелік алаң өтті. Жаңа технологияны тиімді қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған семинарға өңір мұғалімдері қатысты.
Тәжірибелік алаң Interactive Corridor форматындағы инновациялық жобалардан басталып, онда мектептің STEM, робототехника және ЖИ бағытындағы жұмыстары таныстырылды. Бағдарлама аясында «Цифрлық дидактика» бөлімінде сабақ сапасын басқарудың жаңа тәсілдері мен ЖИ көмегімен оқу материалдарын әзірлеу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар «ЖИ және цифрлық сабақ зертханасы» тақырыбында сабақтар өткізіліп, робототехника, физика, математика және бастауыш сыныптар бойынша цифрлық технологияларды қолданудың нақты тәжірибелері көрсетілді.
Іс-шара барысында педагогтер үшін цифрлық платформалар, vibe coding, ЖИ арқылы кері байланыс ұйымдастыру жөніндегі шеберлік сыныптар өткізілді.
«Қазір ЖИ-дің арқасында білім беруде көптеген инновациялық әдіс-тәсіл қолданылады. Мысалы, тарих сабағында оқушылар ежелгі қалалардың 3D моделін зерттеп, географияда планетарлық жүйелердің құрылымын көре алады. ЖИ сондай-ақ табиғи тілді өңдеу технологиясын пайдалану арқылы тіл үйрену процесін жеңілдетеді. Интерактивті диалогтық жүйелерді қолдану отырып білім беру тәжірибесін жақсартады. Бүгін біз осы мүмкіндіктерді шынайы оқу үрдісінде пайдаланып, өзара тәжірибе алмасып, жаңа трендтерді талқыладық», – деді Қонаев қалалық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Назым Исаева.
Аталған іс-шара мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға және білім беру үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған кәсіби тәжірибе алаңына айналды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




