16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Салт-дәстүрі халқымның» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – халқымыздың дүниетанымын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, төл мәдениетіміздің алтын арқауы, ұлттық ұстанымдарын насихаттау болғаны анық. Бұл күні ғасырлар бойы халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде табысталып келе жатқан «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бұрымын өру», «Беташар» сияқты ғұрыптардан музыкалық-театрландырылған көрініс жұртшылық назарына ұсынылды.
Мерекелік шараға арнайы келген ардагер-ұстаз Рая Сиразитдинова, жазушы-ғалым, философия ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдасбеков жиылған қауымды осынау атаулы мерекемен құттықтап, көктем мен жаңарудың бастауы болған Наурыз мейрамы халыққа береке мен бірлік және молшылық әкелуін тіледі. Ал ауыл ақсақалы Қайрат Байбақтынов ежелгі дәстүріміз бойынша ақ батасын арнады.
Шара барысында Қарасай аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі ұлттық ән-күйден шашу шашты. Сонымен қатар «Тұсаукесер» мен «Бесікке салу» дәстүрін паш етті. Мереке аясында мәдениет ұғымы тек ән-күйден ғана тұрмайтыны, ол ең алдымен халқымыздың рухани құндылығын тану мен қастерлеуден басталатыны айтылып, «Жеті ата», «Жеті қазына» сынды ұлттық ұғымдарды білу мен дәріптеудің маңызы кеңінен насихатталды. Шараға зиялы қауым өкілдері, Шамалған ауылының ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері және ауыл тұрғындары қатысып, ұлттық мұрамызды ұлықтаған тағылымды кештің куәсі болды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы





