Кеген аудандық Мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған «Заң талаптарын сақтау – азаматтық жауапкершілік» атты жиын өтті. Аталған шараға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аудандық прокуратура, полиция, білім бөлімдерінің өкілдері және өңірдегі барлық мектептердің 10-11-сынып оқушылары қатысты.
Жиында Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы жол-көлік оқиғасы бір сәттік немқұрайдылықтың ауыр салдары екеніне тоқталды. Әрбір жаяу жүргінші мен жүргізуші жол ережесін қатаң сақтауы тиіс екенін тілге тиек етті. Мектеп оқушылары дайындаған жол-көлік оқиғасына қатысты көрініс көпшілік назарына ұсынылып, ешкімді бейжай қалдырмады.
Бұдан кейін Кеген аудандық прокуратура өкілі Ерасыл Нұрғалиұлы: «Жол-көлік оқиғасы көбіне жол ережелерін сақтамаудан туындайды. Осыған байланысты кәмелетке толмағандарға жол қозғалысы ережелерін ерте жастан үйретіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруымыз керек, – деді.
Жиында Кеген аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ербол Молдашев, Кеген аудандық әкімшілік полиция бастығы, полиция майоры Бағлан Сарсенханұлы, Кеген аудандық ювеналды полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Маржан Абайқызы, сондай-ақ Сәрсенбай Бейсенбетұлы атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Қуанышбекқызы баяндама жасап, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен өмірлік маңызы бар кеңестер ұсынды.
Іс-шара барысында мамандар жоғары сынып оқушыларына заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану, мектептерде буллингтің белең алуы назарға алынуы тиіс маңызды фактор екенін атап өтті. Оқушыларға құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Заңды құрметтеу – мемлекетті құрметтеу. Тәртіпті сақтау – өзіңді және өзгені сыйлау. Шара соңында жас өрендер осы ұғымдарды өлеңмен өрнектеп, әнмен әуездеп, сөзбен жеткізді. Заңға бағынған ел – өркениетті ел, ал саналы ұрпақ – мемлекетіміздің ең үлкен байлығы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




