Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Freedom Telecom» ЖШС жасасқан меморандум негізінде Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы Жастар саябағының аумағы толықтай тегін Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілді. Бұл игілікті бастама ауыл тұрғындары мен қонақтарына демалыс уақытын заманауи технологиялардың игілігін көруге әрі тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Осынау қуанышты сәтті бөлісу мақсатында саябақта арнайы жиын ұйымдастырылды. Шараға ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым қызметкерлері, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, белсенді жастар және осы жобаны іске асырушы орындардың басшылары мен арнайы өкілдері қатысып, ортақ қуанышқа куә болды. Салтанатты жиында Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Мұқаметжанов сөз сөйледі.
– Бүгін біз үшін маңызды әрі қуанышты күн. Нарынқол ауылында заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолындағы тағы бір үлкен қадам – қоғамдық Wi-Fi желісі іске қосылып отыр. Бұл жоба – тек интернетке қолжетімділік емес, бұл – білімге, ақпаратқа, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бастама. Енді ауыл тұрғындары мен қонақтары жоғары жылдамдықтағы интернетті еркін пайдаланып, күнделікті өмірін жеңілдететін заман талабына сай қызметтердің игілігін көре алады. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан осындай жобалар өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтып, ауыл өмірінің сапасын арттыруға ықпал ететіні анық, – деген аудан әкімінің орынбасары осынау игі істің жүзеге асуына үлес қосқан цифрлық технологиялар басқармасының басшылығына, «Freedom Telecom» компаниясына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.
Келесі кезекте сөз алған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл қолға алынып отырған бастаманың мән-маңызына айрықша тоқталды. Аталған жобаның мұнымен шектелмейтінін, цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңмен жалғаса беретінін атап өтті. 2027 жылдың соңына дейін аудандағы барлық елдімекен жаңа технологияның игілігін көретінін айтты.
Жиын барысында «Freedom Telecom» компаниясының өкілі Айдос Шәйменов те ізгі тілегін білдірді. Ауыл ақсақалы Ізтілеу Дабысбаев ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Осылайша, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған тың жоба аясындағы жаңа бастама көктемнің нұрлы шуағына шомылған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы





