Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев Ресей Федерациясы Новгород облысы губернаторының бірінші орынбасары Евгений Богдановпен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен жүздесуде өңір басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, осы бағытта әлеуетті арттыруға ниет білдірді.
Ең алдымен Марат Елеусізұлы көрші ел делегаттарына Алматы облысы мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып жатқанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, Алматы облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 16 пайызға артқан.
– Бүгінде Алматы облысында Ресей капиталының және бірлескен капиталдың қатысуымен 216 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – екіжақты іскерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің айғағы. Бүгінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Өзара ынтымақтастықты нығайтуға өңірлердің мүмкіндігі зор. Новгород және Алматы облыстары агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта айтарлықтай әлеуетке ие, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кездесуде өңіраралық ынтымақтастық және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Ерзат АСЫЛ



