Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Шаңырақ күні – халқымыздың отбасы құндылықтарын ұлықтап, береке-бірлікті дәріптейтін ерекше мерекелердің бірі. Осы игі дәстүрден шет қалмай, 6654 әскери бөлімінде де мазмұнды әрі тағылымы мол шара ұйымдастырылды.
Аталған күнге орай әскери бөлімнің жеке құрамы запастағы әскери қызметшілердің отбасыларына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Бұл шараның басты мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың отбасы мүшелеріне қолдау білдіру, сондай-ақ әскери ұжым мен қоғам арасындағы байланысты нығайту болып табылады.
Іс-шара барысында 6654 әскери бөлімінің ардагерлері – аға прапорщик Матрузиев Вильям және оның жұбайы Матрузиева Нурбиби Сапарханқызының отбасына, аға прапорщик Сульдин Анатолий Алексеевич пен сержант Сульдина Екатерина Владимировнаның шаңырағына, сондай-ақ аға прапорщик Абиров Мурат Мырзабекович пен ефрейтор Батырбаева Толқын Елікбаевнаның отбасына арнайы барып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Әскери қызметшілер әрбір шаңыраққа ізгі тілектерін арнап, ақжарма лебіздерін білдірді. Отбасыларға амандық, денсаулық, ырыс-несібе тілеп, шаңырақтарының шаттығы мен берекесінің арта беруіне тілектестік танытты. Мұндай құрмет пен қамқорлық ардагерлер үшін ерекше қуаныш сыйлап, олардың ел алдындағы еңбегінің еленіп жатқанын көрсетті.
Қазақ халқында «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шаңырақтың беріктігі – елдің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығының негізі. Осы тұрғыда ұйымдастырылған бұл шара әскери ұжымның тек қызметтік міндеттермен ғана шектелмей, рухани-адамгершілік құндылықтарды да жоғары бағалайтынын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, мұндай бастамалар жас әскери қызметшілерге үлкен үлгі болып табылады. Олар аға буынның еңбегін құрметтеуді, отбасылық құндылықтарды қадірлеуді, бірлік пен сыйластықтың маңызын терең түсінеді. Бұл – әскери ортада тәрбиелік мәні зор жұмыстардың бірі.
Шаңырақ күні аясында өткен бұл іс-шара – бір күндік мереке ғана емес, ол ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Әр шаңырақта шаттық пен жылулық орнап, береке-бірлік салтанат құрсын деген тілек баршамызға ортақ.
Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, әскери бөлім мен қоғам арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта беретіні сөзсіз.
Қырғызбай Альбина Қайратқызы
6654 әскери бөлімінің бөлімше бастығы,
кіші сержант




