Елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы – қоғам назарын өзіне аударып отырған маңызды құжаттардың бірі. Кез-келген заң ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға бағытталуы тиіс.
Ауыл – қазақ халқының алтын діңгегі. Сондықтан, Ата заң жобасын әзірлеу барысында ауыл халқының әлеуметтік жағдайы, жастар тәрбиесі, жер мен табиғатты қорғау, шағын шаруашылықты дамыту мәселелері жан-жақты ескерілуі қажет.
Осыған орай, аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан, Кеген өзенінің бойында ел аузында «Шөладыр» аталатын қыр басында болып, малшы қауымның хал-жағдайымен танысып қайтқан болатынбыз.
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегенді жете ұғынған қожалық Шопан ата төлін асырап, ата кәсіпті өрбіткен. Мұнда 450 аналық арқар-меринос қойы, 60 бас ірі қара, 50 бас жылқы малы бағылуда.
Таулы өлкеде мал шаруашылығында қырық жылдан астам уақыт шопан таяғын қолынан тастамаған озат шопан Мәшінбаев Оспанәлі Әбенұлы тұрады. Шаруасын шалқытып, төскейге мал өргізген қарапайым жанның шаруа қожалығы баласының есімімен «Дидар» деп аталады. Алдымыздан емен-жарқын қарсы алған аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Оспанәлі ағамыздың қызы Айгүл Мәшінбаева іске мығым, малға үйірсек жан екенін аңғартты.
Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған Айгүл Мәшінбаева бұл іске жиырма жыл бұрын кіріскен. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан несие алып, бүгінде ата кәсіпке ден қойып отыр. Ол қаражатқа Қостанайдың «Әулиекөл» тұқымын әкеліп, шаруашылықтың малын асылдандыруға кіріскен. Қазір мал басын еселеп, кәсіптің нәсібін көруде. 2019 жылы Беларусь тракторын қосалқы тіркемелерімен бірге сатып алды. Қожалық иелігінде 250 га жері бар, оның 20 га егістік жер. Дегенмен, қолға алған істі әрі қарай дөңгелету үшін Айгүл әлі де біраз тер төгіп, алдағы уақытта өтетін республикалық референдум өткізуді бірауыздан қолдайтындығын жеткізді. Оны экономиканы нығайту және ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғаумен байланыстырады.
Бүгінде шаруашылық өңірдің мал шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып отыр. «Дидар» шаруа қожалығы үшін референдумға қатысу – отандық кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыруға бағытталған саясатты қолдаудың мүмкіндігі.
Озат шопан Оспанәлі Мәшінбаев кез келген істің табысы берік негізге байланысты екенін атап өтті:
- Қазіргі таңда бұл саланың қиындығы – мал бағатын адам жоқ. Жазда жайлауда, қыста қорада төрт түліктің бабын жасау оңай емес. Бұл мал шарушылығы өте қажырлы, тынымсыз еңбекті талап етеді. Біз Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймыз, өйткені олардан әділдік пен тәртіпке ұмтылысты көреміз. Бізге ашық әрі түсінікті заңдар, мал шаруашылығымен еңбек еткен әр адам қолдау сезінетін және болашағын айқын көретін қуатты мемлекет қажет. Біз балаларымыздың болашағы мен туған өлкеміздің өркендеуі үшін референдумға барамыз, – деді Оспанәлі Әбенұлы.
Шаруа иелері әлі де мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
- Қой малы тез көбейеді, әрі өнімді де көп береді. Алайда, қазақ мал бақсаң әуелі өрісін тап деген. Әсіресе, мал төлдету науқанында қоздап жатқан әр қой жеке-жеке қарауды қажет етеді. Қазір аз ұйықтап, көп еңбектенетін мезгіл, – деген Оспанәлі Әбенұлы әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар екендігін тілге тиек етіп, Жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс беруге ниетті екенін жеткізді.
Мал төлдету науқанын ойдағыдай жүргізіп жатқан «Дидар» шаруа қожалығы биыл 100 қойдан кемінде 90 қозыдан алуды жоспарлап отыр. Мал басы санының артуы ет бағытындағы жұмыстарды жандандыруға өз септігін тигізбекші. Ендігі міндет қорадан өретін қоңырдың басын көкке аман жеткізу. Ол үшін осындағы шаруа иесі бір сәт те тыным көрмей, еңбектеніп жатыр.
«Дидар» шаруа қожалығының әрбір еңбеккерінің дауысы – адал еңбек пен жауапты қоғамның басты құндылығы ретінде дәріптейтін әділетті Қазақстанды құруға қосылған үлес.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы


