Бүгінде еліміздің қалалары мен өңірлерінде ашылған әскери-патриоттық клубтардың егемен еліміздің болашақ қорғаушыларын тәрбиелеу ісіне қосар үлесі зор. Бұл – Қазақстанда жастарды әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжымырдамасы болып табылады.«Айбын» халықаралық жиыны, Шекара қызметінің қамқорлығындағы «Жас шекарашы»сияқты мамандандырылған сыныптар мен клубтар осының айқын дәлелі.
Міне, жақында Алматы қаласындағы осындай клубтардың мүшелері ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасында өткен «Ашық есік күніне» қатысты. Шараны аталған шекара басқармасы мен шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.
...Айқара ашылған қақпадан енген оқушыларды мұнда Шекара қызметінің қолданысындағы түрлі техникалар мен қару-жарақтар, байланыс құралдары мен азық-түліктер қойылған көрмелер күтіп тұрған болатын. Айта кетерлігі, шекара басқармасының орталық алаңында сап түзеген кадеттер өздерінің ине-жіптен жаңа шыққан әскери формаларымен даралана түскен. Әсіресе, жасыл күнқағарлы қыздар мен ұлдар көпшіліктің назарын өзіне бірден аударғаны анық.
Сонымен қатар, бүгінгі жиынға «Боран» арнайы мақсаттағы басқармасы, Қызметтік кинология және техниканы, қару-жарақтарды жөндеу, «Алматы» шекаралық бақылау басқармалары да атсалысқан. Борандықтар өздерінің оқ өтпейтін бронды ұрыс машиналарын көпшіліктің назарына ұсынса, техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасы да өздері шығаратын жиһаздарды, инженерлік сымдар мен құрылғылармен ерекшеленген. Ал кинологтар қызметтік иттердің жұмысын таныстырып, оларды жаттықтыру ерекшеліктерін көрсетті. Сондай-ақ шараға Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы полковник М.Нарбаев, Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Е.Түлкібаев,«Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы запастағы генерал-майор М.Сабидолданов бастаған аға буын шекарашыларқатысып, көрмелермен танысты.
Лайықты бағасын беру керек, көрмеге қойылған заманауи үлгідегі техникалар мен қару-жарақтар әсіресе балалардың қызығушылығын туғызған. Ел шебін күзетуге арналған әскери көліктер мен ұрыс машиналарына мініп көріп, қаруларды қолдарына ұстап көргенше асыққан… Қолдарына шекарашылардың дүрбісін ұстап, сарбаздар асынатын автоматтан нысана көздеген сәттері өздері нағыз әскери сезінген балалардың қуаныштарында шек болған жоқ.
Іс-шара соңында балалар мен шекарашылар естелік суретке түсіп, өздерінің жылы лебіздерімен бөлісті. Бұл кездесу саптық дағдылары қалыптасып үлгерген, Алматы облысы бойынша департаменті жиі өткізетін түрлі шараларға қатысуды біртіндеп дәстүрге айналдырып келе жатқан «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері үшін тағылымды күн болды.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі.



