Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Ковалев республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Ол үйінде №268 жылжымалы референдум учаскесінің көмегімен дауыс берді.
Федор Мелянович 1927 жылы 11 қарашада Могилев облысының Орловка ауылында дүниеге келген. Ол 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери дайындықтан өткен. 1945 жылы кеңес-жапон соғысына қатысып, майданда батылдығы мен ерлігімен көзге түсті.
Соғыстан кейін елге оралып, еңбек жолын жалғастырды. 1969 жылдан бастап Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұрып, «Жамбыл РТС» мекемесінде ұзақ жылдар электр дәнекерлеуші болып еңбек етті. Еңбегі үшін бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі орденмен және Жеңіс мерейтойларына арналған медальдармен марапатталған. Бүгінде Федор Мелянович – үш бала, он немере, он шөбере тәрбиелеп өсірген ардақты қария, сондай-ақ Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Қария бүгінгі саяси науқанға белсенді қатысып, әрбір азаматтың ел болашағына бей-жай қарамай, өз таңдауын жасау маңызды екенін атап өтті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы
