Елімізде жаңа Конституция қабылдау бойынша өтетін республикалық референдумға екі аптадай уақыт қалды. Қазір «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция белсенділері өңірлерде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Қарапайым халық, біз сияқты қатардағы сайлаушылар бұл өзгерістер неден туындағаны және келешекте еліміздің саяси, экономикалық дамуына қандай ықпал ететіні жөнінде көп нәрсені естіп, Конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын тереңірек ұғынып келеміз.
Әрине, қай қоғамның да тұрақты дамуы мен бейбіт өмірі үшін сөз еркіндігі мен ақпарат таратудың рөлі айрықша. Бірақ, ұялы байланыс, әлеуметтік желі айрықша дамыған мына заманда, үлкен өкінішке қарай, әркім аузына келгенін айтып, қоғамдағы бірлік пен тату тірлікке зиянын тигізетін жағдайлар да ұшырап жатыр. Тіпті бейәдеп сөздер де емін-еркін айтыла беретін болды. Оған жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Бұл ұлттық мәдениетімізді төмендетіп, елдің бірлігін бұзбаса, басқа көк тиын пайда әкелмейді. Әлеуметтік желілерде жақсы істен гөрі жаман нәрселерді – әртүрлі қылмыс, балаларды зорлау, алаяқтық, бейәдеп көріністерді жариялау белең алып бара жатқаны байқалады. Мұның бәрі түптің түбінде жақсылық әкелмейді. Түсінген адамға ол – жамандықты насихаттау. Біз жаманды жасырып, жақсыны асырудың орнына, керісінше көп жағдайда жаман әдеттерді насихаттап отырғандаймыз. Меніңше, көпшілік осыны түсінбейтін де сияқты. Қазақ ежелден «жақсы сөз, жақсы ниет – жарым ырыс» деуші еді. Сондықтан әркім тек жақсы ниетпен жақсы, ұнамды дүниелерді жариялап, көпшілікпен бөлісуге ұмтылғаны дұрыс деп ойлаймын.
Осы тұрғыда жаңа Конституция жобасындағы 23 бап, 4 тармақшада: «Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс» деп жазылғанын өте-мөте құптаймын. Егер қазіргі кезге дейін әлеуметтік желі қолданушылары ешқандай шімірікпестен біреудің ар-намысына тиетін, оның бала-шағасы, ағайын-туысы, араласатын адамдары арасында абыройын түсіріп, беделіне нұқсан келтіретін сөздер айтып, жазып жатқан болса, келешекте осы баптың негізінде қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер енгізіліп, ондай адамдар жауапкершілікке тартылуы тиіс деп санаймын. Әркім істеген ісі ғана емес, аузынан шыққан бейәдеп, негізсіз сөзі үшін де жауап беруі керек. Ешкімнің басқа біреудің адамгершілік болмысына нұқсан келтіруге, қоғамдық тәртіпті бұзуына хақы жоқ. Бәрі заңды, жоғары мәдениетті, өркениетті жолмен шешілуі тиіс. Егер қоғамдық орында болсын, әлеуметтік желіде болсын, біреу біреудің намысына тисе, қорласа, бәйәдеп сөз айтса – сотқа жүгініп, моральдық өтемақы талап етсін.
Жаңа Конституция жобасында тек бұл емес, басқа да көптеген өзгерістер бар. Тіпті әр бап емес, әр тармақ бойынша жеке-жеке пікір айтуға болады. Мұның бәрі елімізді әрі қарай дамыту тұрғысынан қабылданғалы отыр. Ендеше, 15 наурыз күні референдум учаскелеріне барып, жаппай дауыс берейік. Бұл – бәріміздің азаматтық парызымыз!
Өмірбек ЕРАСЫЛОВ,
жеке кәсіпкер
Талғар қаласы