Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында «Суға ұқыпты қарау – әр азаматтың міндеті» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, әсіресе, тіршілік нәрі – су тапшылығының алдын алу негізгі экологиялық және әлеуметтік міндеттердің бірі екенін климаттың жылдан-жылға өзгеруі мен халық санының артуы, әрі ауыл шаруашылығындағы сұраныстың өсуі байқатып отыр.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни атқарылатын жұмыс шашетектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе, жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал оны тұтыну мәдениеті төмен», – деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызды, әрі шектеулі ресурс – суды дұрыс пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермей, үнемдеу керектігіне ерекше тоқталған еді.
Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданының тұрғын үй коммунладық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі Шелек су шаруалығымен бірлесіп, Шелек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырды. Тұрғындар арасында су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, суға жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіру және осы бағыттағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауды мақсат еткен кездесу барысында суды тұрмыста және ауыл шаруашылығында үнеммен пайдалану жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Қазіргі таңда әлем бойынша су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Кейбір аймақтарда ауызсу жетіспеушілігі байқалуда. Бұл жағдайдың алдын алу үшін тіршілік нәрін үнеммен пайдаланып, ысырапқа жол бермеу – әрқайсымыздың міндетіміз», – деген аудандық тұрғын үй коммунладық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Ермаханбет аталған тақырыпта баяндама жасап, тұрғындар тұрмыста және шаруашылықта пайдаланып отырған аудандағы ауызсу мен суармалы су көздері туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Шелек су шаруашылығының басшысы Әсет Когулов та ауызсу туралы баяндама жасап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ




