Наурызнама онкүндігінің 23 наурыз – Тазару күніне орай Еңбекшіқазақ ауданында тазалық жұмыстары жер-жерде жүргізіліп жатыр. Соның бірін Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» қызметкерлері ұйымдастырды.
«Табиғатқа тағзым» акциясы аясында музей қызметкерлері музейдің төңірегін қоқыстан тазалап, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ағаштардың түбін әктеп, айналаға тал екті. Бұл игі іске ауыл тұрғындары да атсалысып, туған жердің көркеюіне бірлесе үлес қосты.
«Бүгін «Тазару күнінде» осындай игі істің басы-қасында жүрген барлық ауылдастарыма алғысымды айтамын. Ауасымен тыныстап, суын ішіп отырған шағын ауылымыздың ажарын кіргізіп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» – деген музей директоры Дәулет Дәркембайұлы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ары қарай да жалғасын тауып, жеріміз көркейе берсін» деген ізгі ниетін білдірді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




