Жер бетіндегі жеті миллиардтан астам адам үшін маңызды экологиялық, ғаламдық мәселенің бірі – қалдықтар. Оның қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, уақытында тазартып, жойып отыру да – кезек күттірмейтін іс. 2022 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 30 наурыз бүкіл әлемде «Халықаралық қалдықсыз әлем күні» ретінде аталып келеді. Биыл Халықаралық қалдықсыз әлем күні аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі елдегі қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын алға тартуда.
Деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небәрі 12 пайызға жуығы, ал облысымызда жылына 460 мың тонна коммуналдық қалдық түзіліп, оның 29 пайызы сұрыпталып, қайта өңделеді екен. Ал кәсіби мамандар негізгі мәселе инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен халықтың экологиялық сауаттылығының төмендігінде екенін айтады. Дегенмен «мүмкін емес» деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалдықсыз өмір сүру – бір күнде барлық қоқыстан құтылу емес, бұл – саналы тұтыну мәдениеті. Экологтар қалдықсыз өмірге бастайтын үш қарапайым қадам барын айтады. Біріншіден – тегін таратылатын пакеттерден, жарнамалық буклеттерден және бір реттік құралдардан бас тарту. Екіншіден – тек қажетті заттарды ғана сатып алу. «Акция» деп қажетсіз дүниені үйге толтырмау. Сонымен қатар пластикалық құтыларды, шыны банкаларды екінші рет қолдану немесе мұқтаж жандарға беру. Үшіншіден – қағаз, пластика және шыныны бөлек жинап, арнайы пункттерге өткізу. Мүмкіндік болса, тамақ қалдықтарын компост жасауға пайдалану. Алайда осы қағидаларды мызғымас ұстанымға айналдыру үшін адамдар бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл жағдайы көпшілікті алаңдататыны рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керек екенін мәлімдегені есімізде. «Біздің қоғамдағы экологиялық мәдениет мәселесі өте маңызды. Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан, өкінішке қарай, көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», – деген болатын Президент.
Халықтың экологиялық білімін арттырып, мәдениетін көтеріп, санасын өзгертуді балаларға экологиялық білім берумен ғана шектеуге болмас. Бала көзбен көргенін істейтінін есепке алсақ, табиғатқа жанашырлық таныту, әуелі ата-анадан бастау алуы керек. Өйткені табиғат аясындағы демалыстан соң пластик бөтелкені тастап кететін, өзен-көлді ластайтын, жануарлар мен құстарды ататын, тіпті шылымның тұқылы мен шемішкенің қалдығын тастайтын – көбінесе үлкендер. Алайда мына бір жайт назар аудартпай қоймайды. Мәселен, шетелге қыдырып барған отандастарымыз ол жақта жүрген жерлерін жинап, тәртіп сақтайды. Себебі ол елдің заңы қатал екенін, жат жерде ешқандай жағдайға ұрынбай, аман-есен қайтуды ойлайды. Ал өзіміздегі демалыс аймағына, табиғат аясына шыққанда, керісінше, тамақ қалдығын шашып, айналасын бүлдіріп кетеді. Қайтпек керек, тұрғындарға қолданылатын жазаны, тәртіпті қатаңдату керек пе?
Шындығы сол, әр адамға экологиялық білім керек. Экологиялық мәдениет, ең алдымен, әр адамның бойындағы қасиетіне, отбасындағы тәрбиесіне орай қалыптасады. Мысалы, жапондардың табиғатқа деген көзқарасы, қарым-қатынасы үйлесіп, үндесу философиясынан бастау алады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру, жыл мезгілдеріне тән ерекше құбылыстарды қалт жібермеу – Жапонияда ежелден қалыптасқан дәстүр. «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен сәнді», «Құс қонбаған көл жетім, тыңдалмаған сөз жетім» деп келетін бабалар тағылымы да халқымыздың экологиялық мәдениетінің тым арыда жатқанын көрсетеді. Сол құндылықты заман сұранысына қарай қайта жаңғырту керек.
Дегенмен, соңғы жылдарда адамдардың экология туралы түсінігі, табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігі артып келе жатқаны байқалады. Көптеген қазақстандық қалдықтарды сұрыптауға үлес қосып, энергияны үнемдеп, экологиялық таза көліктерді пайдалана бастады. Экологиялық білім мен мәдениетті арттыру үшін әлі де көптеген жұмыс атқарылуы қажет. Өйткені үйіміз бен ауламыз ғана емес, айналамыз, қаламыз, қала берді тұтас еліміз таза болғанда ғана қалдықсыз орта қалыптастыра аламыз.
Ерзат АСЫЛ




