Қонаев қаласындағы №946 референдум учаскесінде дауыс беру үдерісі белсенді әрі қалыпты жағдайда өтуде. Қаланың 4-шағынауданында орналасқан Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп ғимаратындағы учаскеге тұрғындар таңертеңнен бастап өз таңдауын жасауға келді.
Аталған учаскеде байқаушы ретінде қатысып отырған Жанар Жапабаеваның айтуынша, дауыс беру процесі заң талаптарына сай ұйымдастырылған.
«Тұрғындар өздерінің азаматтық міндетін орындауға жауапкершілікпен қарап, таңғы уақыттан бастап референдум учаскесіне белсенді түрде келіп жатыр. Бұл – қоғамдағы азаматтық сананың жоғары екенін көрсетеді.
Дауыс берушілер ешқандай кедергісіз, белгіленген тәртіп бойынша өз таңдауын жасауда. Учаскелік комиссия мүшелері де міндетін жауапкершілікпен атқарып, референдумның әділ өтуіне ерекше назар аударып отыр», – деді ол.
Учаскеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жастағы адамдар үшін де қолайлы жағдай қарастырылған. Қазіргі уақытқа дейін қандай да бір заңбұзушылық немесе түсініспеушілік тіркелмеген.
Құралбек Сәбитов




