⚠️ Ауа райы табылмады.
Дүйсенбі, Наурыз 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАЛДЫ

    16.03.2026
    in Барлық жаңалықтар, Референдум
    ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАЛДЫ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Жексенбіде республикалық референдум аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси науқанға белсене қатысқан жастармен кездесті. Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өткен ашық-жарқын жүздесуде Президент 15 наурыз тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға шексіз ризашылығын білдірді.

    – Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің Конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата Заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата Заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды. «Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың Парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
    Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі. Олар өз сөзінде жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын жастар тарапы қолдайтынын айтты.
    Осыдан кейін «Қазмедиа» орталығының студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылды. Мемлекет басшысы референдумның алдын ала нәтижесін көргеннен кейін маңызды мәлімдеме жасады.
    – Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Ел азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүниежүзінің тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.
    Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.
    – Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі өркендеу, әділет, заң мен тәртіп, табиғатты аялау және тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте! Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Президент.
    Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің айнымас темірқазығы.
    – Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата Заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа өркениетті, озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рахмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! – деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
    Еске сала кетейік, жексенбі күні өткен референдумда Қазақстан халқының 73,12 пайызы дауыс беруге қатысты. ҚР Орталық референдум комиссиясы кеше, дүйсенбіде республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады. Алынған мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 миллион 482 мың 613 адамды құраған. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 9 миллион 127 мың 192 адамды немесе 73,12 пайызды көрсетті. Референдумға қойылған мәселені жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 миллион 954 мың 667 адам немесе 87,15 пайыз болды. Ал оның ішінде Алматы облысында дауыс беру құқығы бар 1 миллион 030 мың 876 адам тіркелсе, оның 735 мың 496-сы референдумда белсенділік танытып, өз таңдауын жасаған. Алдын ала қорытындыға сәйкес, Алматы облысы тұрғындарының 80,41 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берген.

    Қуаныш ТҰНҒАТАР

    Соңғы жаңалықтар

    Халықтық мерекеге айналды
    16.03.2026
    Жаңа аллея – шаһар көркі
    16.03.2026
    Сенім жоғары
    16.03.2026
    Тұрғындар белсенділік танытты
    16.03.2026
    Өрт сөндіру бекеті ашылды
    16.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>