Редакциядан Қарасай ауданындағы өндіріс орындарының жұмысын көрсетуге тапсырма алып, жолға шықтық. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Ерасыл Ғалымжанұлы алдымен Жібек жолы ауылындағы «Карамель» сауда маркасымен жұмыс істейтін «Медина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алып келді.
– Қош келдіңіздер! Біздің аз ғана жұмысымызды көрсетуге ниет еткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мына көріп тұрған ғимарат өндірістің бір бөлігі ғана. Бұдан басқа да цехтарымыз, сауда нүктелеріміз бар. Ал болашаққа жоспарымыз одан да көп, – деген кәсіпорын иесі Элмира Мұқатова зауыт ішіне жол бастады.
Оның адамдарды бірден өзіне баурап алатын ашықтығы, қарапайымдылығы бізді тәнті етті. Элмира қарындасымыздың өмір тарихын естігеннен кейін қарапайым ғана қазақ қызының қайсарлығы мен ерік-жігері, табысқа жету жолындағы табандылығы туралы жазып, нағыз еңбектің үлгісін жұртшылыққа жария етуді жөн санадық.
Элмира Артықбайқызы Өзбекстанның Хорезм аймағында дүниеге келіп, таршылық көрмей өскен бір үйдің ерке қызы болған. Музыка мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, 2004 жылы Есентай Нұржауов деген азаматпен шаңырақ құрады. Жас отбасы әу бастан атажұрты – Қазақстанға оралып, өз бақытын осыннан табуды мұрат еткен.
– Мұнда келгенде атбасын тіреп түсер танысымыз да, пәтер жалдайтын қаражатымыз да жоқ еді, – дейді Элмира сол кездерді еске түсіріп. – Ақыры ең арзан деген бір жертөлені жалдап, сонда қоныстандық. Көршіміз қайырымды адам болып шығып, жұбайымды өзі қызмет істейтін сот жүйесіне компьютер маманы етіп орналастырды. Ал мен қаладағы бір гимназияда көркемдік жетекші болып еңбек еттім. Көп кешікпей жүктілігіме байланысты жұмыстан кетуіме тура келді. Күйеуімнің бір ғана жалақысы аздық ететіні түсінікті. Сондықтан мен де қарап отырмай, қаражат табуға бекіндім. Осылайша, «Алтын орда» сауда кешенінің маңында тұратын ерлі-зайыпты қарияларға күтуші болдым. Сөйтіп жүріп алғашқы сәбиіміз де дүниеге келді.
Иә, қаршадай қыздың қайсарлығы шынымен таңғалдырады. Баласы үш айға толғанда емханаға екпе салдыруға әкеліп, жанындағы «Сарыарқа» базарына бас сұғады. Сол жерде бір дүңгіршек маңдайшасынан «сатушы қажет» деген жарнаманы оқып, бірден хабарласады. Табиғатына біткен турашылдығымен «Апай, менде сатушы тәжірибесі жоқ. Дегенмен не нәрсені болса да тез үйреніп кететін қабілетім бар. Сенім білдірсеңіз, осы жұмысты істеп көрсем», – дейді. Осылайша тәтті тағамдар, мәмпәсилер сататын дүңгіршекке жұмысқа орналасады.
Әлі бір жасқа да толмаған баласын күтушіге қалдырып, күні бойы жылытылмайтын жерде сауда жасау оңай емес. Тоңғаны, шаршағанына қарамастан бәріне шыдап бағады. Сатушының жайдары жүзі, жылы сөзі мен жағымды қызметі тұтынушыларды тартып, тауарлары жылдам өте бастайды.
Тағы бірде сауда кешенін аралап жүріп, сатушы қажет ететін дүкенге жолығады. Әдемі етіп салынған, іші жылы орында жұмыс істесем деген арманы орындалады. Мұнда да ісі ілгері басып, тұтынушылар қатары еселеп арта түседі. Сауданың бүкіл жауапкершілігі өзіне жүктелгеннен кейін ерте тұрып, базардан тауар тиеп әкелу, оны түсіріп, әдемі етіп орналастыру, дүкен айналасын таза ұстау, тұтынушылармен тіл табысу – үлкен еңбекпен қоса ерекше қабілетті, адам психологиясын терең білуді де қажет ететіні түсінікті. Осы қасиеттердің бәрі оның бойынан табылады.
Кейіннен қожайыны дүкенді 15 мың долларға сатпақ болғанда Элмира бұған да тәуекел еткен. Қолында бар 4 мың долларды беріп тұрып, аз уақыт ішінде күндіз-түні еңбек етіп, қалған қаражатты да қолына ұстатқан. Осылайша, айналасы үш-төрт жылдың ішінде «Сарыарқа» сауда кешеніндегі 5 дүкеннің иесі атанады. Өзінің де жағдайы жақсарып, қаладан пәтер, Шамалған ауылынан жеке үй, жұбайы екеуі көлік алуға мүмкіндік алған.
– Бір әйел үйден печенье пісіріп әкеліп, менің дүкендеріме өткізіп тұратын, – дейді ол тәтті тағамдар пісіретін кәсіпорын ашудың себебін сұрағанымызда. – Адамдар қолдан пісірілген тағамға қашанда басымдық береді емес пе? Бір кездері сол әйел кәсібін тоқтатып, оның өнімі сөреде көрінбей қалды. Алайда келушілердің көбі соны сұрайтын. Сондықтан бала күтіміне көмектесетін келіншек екеуміз печеньені өзіміз пісіріп көрдік. Алғашында дұрыс шықпай әуреленгеніміз де рас. Бірақ қолға алған шаруаны аяғына жеткізбей тынбайтын әдетіммен мұның да орайын келтірдік. Сөйтіп біздің бұл өнімімізге өзге де дүкендерден тапсырыс көптеп түсе бастады. Енді кәсібімізді кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты.
Әр нәрсенің бір орайы келіп тұрады емес пе? Жазда қызының үйіне қонаққа келген Артықбай ақсақал үйдің ішін май иісіне алғызып, тар жерде жұмыс істеп жатқан шаруаны жеңілдету үшін аула ішінен шағын ғимарат тұрғызып береді. Енді мұндағы жұмыс ауқымы мен шығаратын өнім көлемі ұлғаяды. Жұмысшылар саны да арта түседі.
Осыған байланысты Қарасай ауданы аумағынан қосымша ғимарат жалдап, ал 2023 жылы Жібек жолы ауылынан 30 сотық жер алып, аумағы 1500 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат тұрғызады. Өндірісте 150 адам еңбек етіп келеді.
– Бізде нан мен тоқаштан, торт пен самсадан бастап, ұннан жасалатын тағамдардың 300-ге тарта түрі өндіріледі, – дейді өркендеген өндіріс иесі Элмира Артықбайқызы. – Өнімдеріміз халал сертификатын алған. Құрамында химиялық қоспалар жоқ болғандықтан, сақтау мерзімі 10-15 күннен аспайды. Уақыты өткен тауарды қайтарып алып, жаңа піскенін жеткізіп береміз. Кейбір сауда орындарында ескірген тағамдарды сатып, сөзі бізге келіп жататын жағдайлар кездеседі. Дегенмен, біз тұтынушылармен ашық әрі адал әріптестік құруға бейілміз.
Иә, біздің кейіпкеріміз әңгіме барысында болашаққа құрған жоспарымен де бөлісті. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылындағы өндірістің жанынан 1,5 гектар жер алып, тағы бес зауыттың құрылысын бастап та кетіпті.
– Мен шетелге шығып жүргенде түкке тұрғысыз тауарларды сөреге қойып, саудасын қыздырып отырған дүкендерді жиі кездестіремін. Оның жанында біздің өнім сапасы жағынан әлдеқайда артық деп есептеймін. Сондықтан тауарларымызды экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Зауыт жұмысын автоматтандыруға көшірдік. Бұйырса, алдағы уақытта біздің тауарлар «Қазақстанда шығарылған» деген белгімен өзге мемлекеттердің де дүкен сөресінен орын алады деп сенеміз. Бұл үшін мүмкіндік те, тәжірибе де жеткілікті.
Элмира Артықбайқызы тіршілік қамымен осы бір кәсіппен басыбүтін айналысып кеткенімен, бала кезгі арманы болған саз өнерімен де мүлдем қоштаспапты. Ол қолы қалт еткенде жұмыс бөлмесінде тұрған пианинода ойнап, ара-тұра ән шығаруды да әдетке айналдырған.
– Бізде туған күнге арналған әндер жоқтың қасы, шетелдің «туған күніңмен» деген ырғағын жабыла қайталаймыз. Сол себепті осыған арнап ән шығардық, – дейді ол сазгерлік кәсібі туралы сөз болғанда. – Елімізге келетін қонақтарды қарсы алған сәтте айтылатын жаңа ән де қолданысқа ене бастады. Ара-тұра өлең де жазумен әуестенемін. Бұл менің күнделікті жұмысыма көп көмектеседі.
Элмира мен Есентайдың балалары да шығармашылыққа ден қойған. Үлкен ұлы Әлихан актер мамандығын меңгеріп, шетелде киноға түсіп жүрсе, 8-сыныпта оқитын Ақерке әншілік өнерімен таныла бастады. Әке-шешесі балаларының болашағынан үлкен үміт күтеді.
Өндірісі өркендеп келе жатқан кәсіпорын иесі өзге өлкеден көшіп келіп, өмірдегі өз орындарын тапқанынша қаншама қиындық пен сынақтардан өткенін риясыз баяндады. Оның бәрін қағазға түсіре берсе, бір мақаламен шектеле алмасымыз тағы белгілі. Сондықтан қаршадай ғана қазақ қызының өжеттігі мен өткірлігін айшықтайтын аз ғана кезеңді алдыға тарта отырып, арманының орындалуын тіледік!
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




