Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматы облысында жалпыұлттық сенбілік өтті. Тазалық шарасына 30 мыңға жуық адам қатысып, 12 тонна қоқыс шығарылды. 45 гектар аумақ тазартылып, 5640 түп ағаш отырғызылды.
Осы күні Алматы облысының орталығында ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция бастау алды. Мыңнан астам адам қатысқан игі шара Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаевтың ақ батасымен басталды. Одан кейін сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы мұның тек ағаш отырғызу күні ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың және келер ұрпақ алдындағы азаматтық парызымыздың жарқын көрінісі екенін айтты.
Сенбілікке департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, ҚХА өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар, еріктілер бір кісідей атсалысып, Сейфулин көшесінің бойына қарағай мен көктерек көшеттерін отырғызды.
Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жане абаттандыру баскармасының мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта бұл игі бастама жалғасын тауып, Қонаев қаласында 20 000 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Соның ішінде Сейфуллин көшесі бойына 3 мың түп тал егілді.
Аталған бастамаға қолдау көрсету мақсатында барлық аудан мен Алатау қаласының аумағында жасыл желектерді отырғызу және санитарлық тазалық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




