Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне шаруамен барған едік. Бір есіктің тұсынан өтіп бара жатқанда «100 долларды түсірдің» деген дауыс бізді елең еткізді. Аялдай қалдық. Еріксіз. «Әне, тағы бір жүз долларың жатыр» деді бір кезде әлгі дауыс. Қызығушылығымның артқаны сонша, есікті қағып, ішке ендім. Сөйтсем, бұл бәріміз танитын Эльмира әпкеміз екен.
Эльмира Тойғазықызы біраз жылдан бері балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін көптеген жетістігін де естігенбіз. Бүгін жақынырақ сөйлесіп, өзі туралы біраз ақпарат алдық. Балалардың бойына ұлттық құндылықты дарытып жүрген жанның осы жолға қалай келгенін тыңдап отырып, таңғалдық. Өйткені білдей бір Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан тоғызқұмалаққа кетуі сол салаға деген нағыз махаббаттың ғана жемісі болса керек.
1980 жылы Шонжы ауылында дүниеге келген Эльмира 3-сыныптан бастап спорт мектебіндегі тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Сол кезде Қарадалаға алғаш тоғызқұмалақты алып келген Гүлсім Мұсаева апайдың тәрбиесін алады. Ең бірінші рет Талғар қаласындағы облыстық чемпионатта үшінші орын алып келген сәті әлі есінде. Алғашқы жарысы. Алғашқы жеңіс. Дәл сол жеңіс бала Эльмираның болашағына бағдар жасағандай болыпты. Осыдан кейін тоғызқұмалаққа жан-тәнімен беріле кірісіпті.
Мектеп бітірген соң Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Бірақ ай-жылдар өте келе өнер саласы өзіне жат екенін сезінеді. Спортқа қарай аңсары ауа береді. Ақыры 2003 жылы Спорт және туризм академиясына келіп құжат тапсырады. 2007 жылы аталмыш оқу орнынан дене шынықтыру пәні мұғалімі және тоғызқұмалақ жаттықтырушысы деген мамандық алып шығады. 2015 жылға дейін Шонжыдағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектепте жұмыс істесе, сол жылдан бері аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы. Әдіскер лауазымын қоса атқаруда.
Бүгінгі күнде Эльмира Тойғазықызы тәрбиелеген шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Айгерім Шаяхмет – Шонжыдағы спорт мектебінде жаттықтырушы. Перизат Ермекқызы мен Нұрғиса Ахмет ұлттық ойынды ұлықтап жүр. Тәрбиелеген шәкірттерінің 30-ға жуығы спорт шеберіне үміткер атанды.
Әңгіме арасында мені қызықтырған «100 доллар» туралы да сұрастырдым. «Қазір балаларды бір дүниеге жай ғана сөзбен қызықтыра алмайсың. Әр балаға әртүрлі қарым-қатынас жасау керек. Оларға тоғызқұмалақтағы әр тастың құны 100 доллар десең, олар оның бағасын бағамдайды. Есейе келе ұлттық құндылық ретінде қадіріне жете түседі деп сенемін. Ұлттық ойындарымызды бала кезден бойларына сіңірсек, ол ұрпақтан ұлтжанды, нағыз елдің азаматы шығары сөзсіз. Біздің ұлттық ойындарымыз баланың дамуын, өсуін жетілдіреді. Тоғызқұмалақтың өзі баланың математикалық қабілетін ашады. Тез ойланып, шешім қабылдауға бейімдейді. Бізде тәрбиеленіп жатқан көп шәкірттің математикалық байқауларда жеңімпаз атанып жатқаны да соның дәлелі болса керек», – деп өз ойын қорытты.
2001 жылы жан жары Болатпен отау құрады. Екеуі бүгінде үш ұл тәрбиелеп отыр. Келін болып түскеннен бастап қара шаңырақта ата-ененің қолында тұрып келеді. Ата сыйлап, ененің алдын қия кеспеген жан. Сонысымен қадірлі, сонысымен сыйлы. Қазір өзі де ене атанып, келінін қызындай көріп, білгені мен түйгенін үйретіп отырған ана.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы





