Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен Талғар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы және өзекті мәселелер бойынша кеңес отырысы өтті. Онда іске асырылып жатқан жобалар жан-жақты сараланып, түйткілді мәселелер талқыланды, оларды шешу бойынша нақты әрі тиімді шешімдер қабылданды.
Алдымен Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков білім, құрылыс, инвестиция, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы салалары, сондай-ақ жол жөндеу, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жайлы баяндама жасады.
– Кеңдала ауылындағы 300 балаға арналған №42 орта мектепте 1503 оқушы үш ауысымда білім алуда. Оқушылар санының тұрақты өсуіне байланысты төрт ауысымға ауысу қаупі туындап отыр. Осыған орай Кеңдала ауылында 600 орынды жаңа мектеп салу қажет.
Жаңа Қуат ауылында мемлекеттік мектеп жоқ. Онда 1124 мектеп жасындағы бала бар, оның 378-і «Дана» жекеменшік мектебінде оқиды. 493 оқушы Іле ауданы Өтеген батыр кентінің орта мектептеріне тасымалданса, 253-і Алматы қаласына қатынап оқиды. Осыған орай, халық санының өсуін ескере отырып, 600 орынды мектеп салу қажет. Ол үшін 2,5 га жер телімі дайын тұр, – деген Талғар ауданының әкімі басқа да үш ауысымды оқытуға көшу қаупі бар, сонымен қатар күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді атап өтіп, бұл мәселелерді шешуге қолдау көрсетуді сұрады.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу бағдарламасы аясында 2024 жылы 254 пәтер сатып алынып, желтоқсан айында аудандағы кезекте тұрған азаматтарға 100 пәтер берілген. Сондай-ақ «Отбасы банкімен» 154 пәтерге келісім жасалған. Қазіргі таңда банк үй алуға кезекте тұрған 55 адамға ғана арнайы тізім жасаған. 72 пәтерден тұратын екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталған, келісімшарт бойынша 2022 жылдың наурызында аяқталу керек болған. Бірақ мердігер «Шах құрылыс компаниясынан» бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталып, құрылыс жұмысы аяқталмаған. Аталған тұрғын үйлерді аяқтауға 1,2 млрд теңге қажет. Ал өткен жылы 230 пәтер сатып алынған, тұрғын үйлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша ауызсу жүйелерінің 80-85%-ы тозған. Салдарынан құбырлар жиі істен шығып төтенше жағдай жиі тіркелген. Осыған орай құрылысы басталған нысандарды аяқтау және жаңа жобаларды бастау міндеті қойылған. Жақында жауын-шашын әсерінен табиғи апатқа ұшыраған Бесағаш ауылы «Бурабай» ықшамауданындағы кәріз желісінің құрылысына қатысты жоба дайындалған. Жылу жүйесі бойынша көп қабатты тұрғын үйлерде газ баллонын пайдалану салдарынан оқыс оқиғалар жиі болған. Мұндай оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында көп қабатты тұрғын үйлерде блокты-модульді қазандық орнату бойынша 3 жоба әзірленген.
Биыл автомобиль жолдарының жұмысы үшін 10,8 млрд теңге бюджеттік өтінім жолданған. Қазіргі уақытта 4,7 млрд теңге бөлініп, аудан аумағындағы 79 көше, яғни 90 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда.
Жиын барысында «Қайрат» индустриялық аймағына өнеркәсіп нысандарын салу жобасы дайындалғаны айтылып, осыған орай оның аумағын кеңейту мәселесі сөз болды.
Облыстық бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз Талғар ауданы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көп үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, жіберілген кемшіліктерге де тоқталды. Мысалы, былтыр инвестиция тарту жоспары толық орындалмаған. Пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, халыққа жайылым жерлерді беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмендеген. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру деңгейі аудандар арасында ең соңғы орында тұр. Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылыс жұмысы аяқталмауына байланысты 2024-2025 жылдарға жоспарланған 2,5-2,6 млрд теңге бюджетке түспеген.
Аудандағы мемлекеттік мүлік нысандарын түгендеу жұмыстары туралы қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақоваға баяндады. Оның мәлімдеуінше, Талғар ауданында пайдаланылмай бос жатқан 15 нысан анықталған, 7-еуі – иесіз. Алайда оларды шаруашылық айналымға енгізу жұмысы баяу жүргізілуде. Бұрынғы құс фабрикасы аумағы мен Өстемір ауылындағы 118 пәтерден тұратын тұрғын үй инвестициялық тартымды аумақ ретінде танылған. Осыған байланысты аудан әкімдігіне аталған нысандарды коммуналдық меншікке қабылдау жұмысын жеделдетіп, оларды жөндеу не бұзу тиімділігін талдау қажеттігі айтылды.
Аудандағы инвестициялық жобалар туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Манасбаева баяндады. Айтуынша, биыл жалпы құны 27,3 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. 29 жоба белсенді іске асыру сатысында. Бұдан бөлек, инвестиция құны 8 трлн теңге болатын, 66,7 мың жұмыс орнын ашатын, өңірдің дамуына серпін беретін 7 жоба пысықталуда. Оларды іске асыру 2035 жылға дейін жоспарланған. Сонымен қатар қазіргі уақытта инвестиция көлемі 122,3 млрд теңге болатын 4 жоба тоқтап тұр, 6 инвестициялық жобада жол салу, электр қуатының тапшылығы, жер учаскелерінің берілмеуі сияқты мәселелер туындауда.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қабдылқайыров қазіргі уақытта ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты екенін атап өтті.
Жиын соңында Қанат Болатұлы аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын міндеттеді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС



