Жамбыл ауданының Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты
Үмбетәлі ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ауыл
тұрғындары үшін аса маңызды медициналық нысанның ашылуы – ел игілігі
жолындағы тағы бір маңызды қадам саналады.
Салтанатты шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет
Туматаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жалпы бөлімінің
басшысы Шолпан Дәулетбаева, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстың және
ауданның Құрметті азаматы, белгілі қаламгер Күмісжан Байжан, Қарғалы
ауылындағы аудандық аурухананың бас дәрігері Асқар Қалиев,
Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Бағашар Төленді, медицина
қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Құрметті қонақтар шараға
жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, лентасын қиды.
Жаңа дәрігерлік амбулатория «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік
бағдарламасы аясында салынды. Бұл бағдарлама ауылдық елдімекендердің
әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға медициналық
көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Амбулатория бір ауысымда
25 адамды қабылдауға арналған. Медициналық мекеменің жалпы жобасының
құны 498,1 млн теңге. Нысан құрылысына тапсырыс берушісі – облыстық
құрылыс басқармасы, ал оны орындаушы мердігер мекеме –
«БауырҚұрылыс» ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік сатып
алу келісімшартына сәйкес жүргізіліп, толықтай аяқталды.
Жаңа амбулаторияның іске қосылуы ауыл тұрғындарының сапалы
медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, жергілікті халықтың
денсаулығын нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы




