Наурызнама онкүндігі аясында Ынтымақ күніне орай Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылдық округінде «Ынтымақ – елдің ырысы» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл айтулы күн – ел ішіндегі татулық пен бірлікті дәріптейтін, көпэтносты қоғамның ортақ құндылықтарын ұлықтайтын ерекше мерекелердің бірі.
Еңбекшіқазақ ауданында бүгінгі таңда 54 түрлі этнос өкілдері өмір сүрсе, 15 мыңға жуық халқы бар Түрген ауылдық округінде 32 түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп, өзара сыйластық пен құрметтің үлгісін көрсетіп келеді. Түрген өңірі – сан түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан, бірлік пен ынтымақтың нақты көрініс тапқан мекені.
Мерекелік іс-шара Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің стадионында өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар жиналған думанды кеш ерекше көңіл-күймен басталды. Алаңға ұлтымыздың ақ шаңқан киіз үйлері тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Этнос өкілдері ұлттық дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен тарихын, мәдениеті мен өнерін таныстырып, арнайы көрмелер ұйымдастырды. Халық көрмедегі қолөнер бұйымдары мен тарихи-мәдени жәдігерлерді тамашалап, әр ұлттың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Сонымен қатар мереке аясында алаңға алтыбақандар тігіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жастар мен ауыл тұрғындары белсенділік танытып, қой көтеру, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес сынды спорттық жарыстарда күштерін сынады. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, көпшілік алдында құрметке бөленді.
«Ынтымақ – елдің ырысы» атты мерекелік іс-шара ел ішіндегі бірлік пен татулықтың маңызын тағы бір мәрте айқындап, түрлі этнос өкілдерінің достығы мен өзара құрметін нығайта түспек. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, болашақ ұрпаққа бейбітшілік пен келісімнің құндылығын дәріптеуде осылай ауыл болып, бірлесе өткізетін іс-шаралардың орны ерекше», – дейді Түрген ауылдық округінің әкімі Жұлдыз Іскелдиева.
Іс-шараның көркін қыздырған концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар мен түрлі этнос өкілдерінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Әр халықтың әні мен биі сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұл концерт – мәдени әртүрліліктің үйлесімділігін көрсеткен жарқын көрініс болды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




