Мемлекеттің құқықтық жүйесін реттеп, қоғам өмірін, ондағы әр азаматтың еркі мен босандығын, құқын қамтамасыз ететін, ішкі-сыртқы байланыс пен экономикалық қарым-қатынасты анықтайтын елдегі ең басты құжат – Конституция. Осы орайда Ата Заңымыздың көштен қалмай, қоғаммен бірге дамып, уақыт пен заман ағымына сай болуы маңызды. Өйткені қоғам мен Конституция екі бөлек «өмір сүре» алмайды. Сондықтан елдегі басты құжаттың заман талабына орай жаңартылуы да – қалыпты жағдай.
Олай болса, 15 наурызда өтетін республикалықреферендум жайлы, оның мақсаты мен маңызы туралы халық қаншалық хабардар екенін біліп көрдік.
«Ел егемендігін енді алып, етек-жеңімізді жаңа жинап жатқанда, шыны керек, дәстүрлі құндылықтар сынды ұлттық болмысымызды танытатын тақырыптар сырт қалды. Ал қазіргі уақытта дәстүрлі құндылықтарды қорғау мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Сондай-ақ экология мәселелері, қазіргі заман талабына орай цифрлы технологиялардың дамуымен байланысты күнделікті қоғамда туындайтын кейбір мәселелер де бұрынғы Конституцияда козғалмады. Сондықтан оларды елдің басты құжатына қосу, әрі Ата Заңға нақтылап енгізу – бүгінгі күннің талабы. Қазір көз ілестірмес жылдамдықпен дамып, цифрлық технология, жасанды интеллект күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Осы орайда бүкіл әлемде кибералаяқтық деген пайда болып, азаматтардың жеке басының дербес деректерін қорғауға қатысты түрлі қиындықтар орын алып, жағымсыз жайттардың куәгері болып жатырмыз. Демек, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселесі туындап отыр. Бұлар сонау 1995 жылы Конституцияны қабылдағанда болмаған, заман ағымына қарай туындаған мәселелер. Осы орайда Ата заңымызды заман талабына сай жаңартуды қолдаймын және 15 наурызда референдумда ел болашағы үшін дауыс беруге шақырамын», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет үйінің директоры Бауыржан Шахметов.
«Жаңа Конституция жобасының 30-бабында «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деп жазылды. Дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын күшейтуге бағытталған бұл шешім бүгінде өзекті мәселенің біріне айналған әйелдердің құқықтарын қорғауды әлдеқайда жеңілдетеді деген үміттемін. Қоғамдағы маңызды мәселелерді шешу жолдарын міндет қылған жаңа Конституцияны қолдаймын. Бұл елдің ертеңі үшін жасалып отырған батыл қадам», – дейді Еңбекшіқазақ Аналар кеңесінің төрағасы Роза Исатаева.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылды. Коалиция құрамынақоғам белсенділері, қоғамдық пікір көшбасшылары, депутаттар, заңгерлер мен басқа да сала мамандары кірген. Жергілікті тұрғындармен, әр саланың қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың кез келген сұрағына нақты әрі сапалы жауап беріліп келеді. Кездесулерде байқағанымыз, халық жаңа Конституцияның жобасымен танысқан, әрі ондағы жаңашылдықты қолдап, қуаттап отыр. Ата Заңымыздың уақыт көшінен қалмай, заманға сай болу керектігі, ондай өзгерістердің қоғам өмірін жақсарту үшін енгізіліп жатқанын қарапайым халық түсінеді» – дейді «AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филииалының консультанты Айнұр Дөненбаева.
Құралай Мұратқызы
