Іле ауданында «Өтеген батыр-Арена» спорт кешені есігін айқара ашты. Ол жеке инвестордың қаражатына салынды. Кәсіпкер Ернар Айдар футбол, баскетбол және волейбол алаңдарын тұрғызып, ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына мүмкіндік ашып отыр.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Қапар Рауанов және Балқаш ауданының Құрметті азаматы Айдар Әліпбаев, өңір жұртшылығы қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Ғани Айдарұлы бұл спорт кешеніне инвестор шамамен 200 миллион теңге инвестиция салғанын, бұл бастамасы ғана екенін, алдағы уақытта да қаржыландыруға ниет білдіріп отырғанын айтты. Сондай-ақ мұндай басталамаларды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдап, көмек көрсететінін жеткізді.
– Спорт кешені адамдардың үйінің жанында болуы керек. Дене шынықтырумен айналысу үшін үлкен қалаға барып жүрмеуі тиіс. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында біз инвесторлармен жұмыс істеп, өңірдің дамуына үлес қосқысы келетіндерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ғани Майлыбаев.

Бұдан соң кешеннің спорт залдарын аралап, балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Белгілі болғандай, мұндай нысандарға сұраныс жоғары. Жақын маңда көптеген көпбалалы отбасылар, белсенді жастар тұрады. Олар кешеннің ашылғанына өте қуанышты.
Кәсіпкер Ернар Айдар кешен сегіз ай ішінде барлық заманауи стандарттар бойынша салынғанын, орталықта адамдардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
– Мұнда балалар жаттығады, түрлі жарыстар өтеді. Бұл орталық бұқаралық спорттың дамуына да серпін бермек. Осы жерден халықаралық аренада еліміздің Туын көтеретін балалар көптеп шығады деп сенемін, – деді ол.
Спорт кешенінің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, келген қонақтар наурызкөжеден дәм татты.
Іле ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қатысты. Ол мұндағы тазалық жұмысының қалай ұйымдастырылып, бірінші кезекте қандай учаскелер ретке келтіріліп жатқанына мән берді. Көпшілікпен бірге тал егіп, ауданның көркеюіне үлес қосты.
Бұл күні акцияға 2800-ден астам адам қатысып, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Бірнеше сағат ішінде 116 тонна қоқыс шығарылып, 65 ағаш көшеті отырғызылды. Аулалар, саябақтар, жол жиектері тазаланып, әлеуметтік нысандар айналасы ретке келтірілді.
– Тазалық әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Бүгінгі сенбілік тұрғындардың бірлігі мен туған жеріне деген жауапкершілігін айқын көрсетті. Осындай бастамалар арқылы біз өңіріміздің таза әрі жайлы болуына үлес қосамыз, – деді Ғани Айдарұлы.
Алма ЕСЕНБАЙ
Іле ауданы




