Күн мен түн теңесіп, жер-дүниеге жылылық тарайтын көктемнің мерекесі – Наурыз мейрамы да есігімізді қақты. Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша қуанышты сәтті Қарасай ауданының жұртшылығы үлкен мәдени шарамен қарсы алды.
Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаң ерекше кейіпке еніп, айналаға шуағын шашқан еді. Аспанда әуелеген әсем ән мен құйқылжыған күй мерекенің маңыздылығын аңғартатындай. Әдемі етіп безендірілген сахна алыстан көз тартса, ұлттық киім киген адамдар бір-бірімен ақжарқын амандасып, бір-бірін ұлыстың ұлы күнімен құттықтап жатты. Алаңнын айналасында орналасқан сауда нүктелері мен тамақтандыру орындарында жұмыс қызған сияқты. Ал, Мәдениет үйінің алдында қолөнер бұйымдарының көрмелері мен аудандағы кәсіпорындардың шығаратын тауарлары көз қызықтыра өзіне шақыратындай. Осы жерде құрылған қазақ үйлер түрлі тақырыптар бойынша жарақталып, ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнер бұйымдары, ана мен баланы қорғау, ұлттық тағамдар қойылған екен. Мерекеге келгендер сәнді бұйымдарды тамашалап, астан дәм татысты.
Мерекелік шара «Шаттық», «Грация», «Кербез», «Гүлназ» би топтарының мың бұралған көркем биімен басталды. Осыдан кейін сахнаға көтерілген аудан әкімі Жасұлан Естенов қарасайлықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа жылда жақсылық пен молшылық, береке мен бірлік тіледі.
Сөзінің соңында ол еңбекте, өнер мен спортта ерекше жетістіктерімен көрінген жеңімпаздарға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Мерекелік шара барысында биыл мерейтойлары атап өтілетін жыр алыбы – Жамбылдың, әнші әрі композитор Қапез Байғабылұлының, поэзия алыбы Мұқағали Мақатаевтың есімдері ерекше аталып, оларға арналып жыр төгіліп, ән шырқалды. Әдеттегідей, ұлттық кейіпкерлеріміз Алдар көсе мен Жиренше шешен, Қарашаш пен Мадияр байдың бейнелері сомдалып, жұртшылыққа ақ бата берілді. Наурыз тойына жиналған халық осынау көріністерді тамашалап, Наурыз көжеден дәм татып, жақсы көңіл күймен тарасты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




