Жамбыл ауданының жұртшылығы маңызды саяси науқанға белсенді қатысты. Референдум кезінде түрлі мәдени-көпшілік шаралар қатар өтіп жатты. Таңертең Жамбыл ауылында ұлттық киімдегі өнерпаздар, сауыт-сайманды батырлар, ат тізгіндеген көкпаршылар орталық көшемен жүріп өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жамбыл Жабаевтың ұрпағы ақын музейіне жиналып, баба рухына құрмет көрсетті. Алғадай Жамбылұлының шөбересі Мерей Қуаныш жыр алыбының өлеңін оқыды. Салтанат Тезекбайқызы бастаған Жамбыл ұрпақтары өз сайлау учаскелерінде дауыс берді. Халық даналығын жырмен жеткізген ұлы ақын ел бірлігі, әділдік, ынтымақты әрдайым жоғары қойған. Сол құндылықтарды нығайтып, болашақты айқындайтын маңызды қадам кезінде ел тағдырына жауапкершілікпен қарауы – саналы ұрпақтың белгісі.
Ұзынағаштағы №268 референдум учаскесінде тіркелген Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Федор Ковалев үйінен дауыс берді. 99 жасқа аяқ басқан қарт майдангер әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауы маңызды екенін айтты. Ал Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Көкдала ауылында тұратын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Өмірзақұлы №294 референдум учаскесіне отбасымен бірге келді. 84 жасқа аяқ басқан қадірменді қария көпшілікке батасын берді. Сол сияқты ҚР Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжан, белгілі күйші-композитор Қызырхан Бабақұмарұлы, грек-рим күресінен Сурдлимпиада чемпионы Андрей Самарин, басқа да зиялы қауым өкілдері саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауларын жасады.
Ақсеңгір ауылындағы №292 референдум учаскесіне «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Әдияттар әулеті келді. Әулеттің анасы, білімді ұрпақ тәрбиелеген көпбалалы ана Дулдай Сархад бала-шағасымен бірге дауыс берді. Ол 13 баланы дүниеге әкеліп, қазір 42 немеренің қызығын көріп отыр. Алтын құрсақты ананың балаларының көбі жоғары оқу орындарын бітірген, үлкен жетістіктерге жетуде. «Біздің әулет үнемі саяси науқаннан тыс қалмайды. Елімізде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмаймыз. Еліміздің ертеңінің нұрлы болуын қалаймыз. Сондықтан референдумға әулетімізбен ұйымдасқан түрде келдік», – дейді Дулдай ананың ұлы, ұстаз Болтай Әдият.
Мыңбаев ауылындағы №328 референдум учаскесінде үшемнің анасы Шолпан Мамашева жұбайы Жарқын Бағлаевпен бірге таңдауларын жасады. Олар сегіз баласын түгел ерте келіпті. Көпбалалы ана Тәуелсіздіктің құрдасы, яғни 1991 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2021 жылы ауданға қоныс аударып, 2024 жылы үшем дүниеге келгенде оларға қайырымдылық қоры төрт бөлмелі үй сыйлаған. Сол күні осы ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, Қарғалы ауылында волейболдан жарыс, Аққайнар ауылында көрісу күні өтті.
Нұрлан Ертас бастаған аудан басшылығы өздері тіркелген учаскелерде жаңа Конституцияға байланысты таңдау жасады. Аудандық мәслихат депутаты Сәуле Әлімқұлова да көпшілікпен бірге өз референдум учаскесінде дауыс берді: «Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін қажетті шара. Біз келер ұрпаққа әр азаматы мақтан тұтатын, өркендеген, әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман болуы керек», – деді ол.
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектептің ауласын бұл күні ұлттық киімдегі қыз-жігіттер Наурыз-думанға бөледі. Домбырамен әуелете ән айтылып, қыздар мың бұрала биледі. Бір шетте алтыбақанда жастар тербетілді. Арнайы тігілген киіз үйде наурызкөже таратылды. Ақ жаулықты әжелер ансамблі де осыннан табылды. Бұл мектепте педагогикалық ұжымға қоса оқушылары да көпұлтты. Осындағы түрік және ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің мүшелері де ұлттық киімдерімен келіп, музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, қолөнер көрмесін ұсынды. Мектеп ғимаратында орналасқан №267 референдум учаскесінде дауыс берушілер саяси шараға мерекелік көңіл-күймен белсенді қатысты. Мұнда 2627 сайлаушы тіркелген. Жасы 18-ге толған алғашқы дауыс беруші ретінде 11 жас өз таңдауын жасап, денсаулығына байланысты 6 адам үйден дауыс берді.
Ұзынағаш тұрғыны қос таңдауды қатар жасады. Елжан Ерболұлы дауыс бергеннен кейін болашақ жары Жанеркеге үйленуге ұсыныс жасады. Ол Алтыбақан көшесіндегі №262 референдум учаскесінде өзі ұнатқан қызының қолына сақина салды. «Бүгінгі күн мен үшін ерекше мәнге ие. Мемлекетіміздің жаңа кезеңге қадам басуына негіз болатын маңызды шешім қабылдау сәтін әдейі таңдадым. Болашақ жарыма ұсыныс жасаған күн ешқашан ұмытылмайды. Өйткені бұл еліміздің Ата Заң күні мерекесі болып белгіленбек», – деді жас жігіт.
Аудан орталығынан 350 шақырымдай Үлкен ауылында да тұрғындар республикалық референдумға белсенді қатысты. Бұл ауыл елдегі маңызды стратегиялық жобаның бірі – АЭС салынуы жоспарланған елдімекендер қатарында. Болашақта мұнда мыңдаған маман кәсіби қызмет атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





