Еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын паш еткен тағы бір саяси науқанды тарих еншісіне қалдырдық. Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, алға қойған межелі мақсат жолында тағы бір таңдау жасады. Бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде еліміздің саяси өзгерістерге бастайтын жаңа парағы ашылып, халықтың көптен күткен тілегі орындалды. Алатау қаласында өткен референдум жайында сөз қозғар болсақ, жексенбі болғанына қарамастан таңмен таласа тұрған шаһар жұртшылығы дауыс беру учаскелеріне қарай ағылып, саяси науқанға белсене қатысты.
Дәл осы күні Алатау қаласында «Референдум аллеясы – 2026» атты экологиялық акция аясында тұрғындар, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен еріктілер ағаш көшеттерін отырғызып, көз сүйсінер іс тындырды. «Біз таңдау жасадық, енді бірге болашақты құрамыз» ұранымен өткен акцияға атсалысушыларды еріктілердің қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Осынау игі іске Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов қатысып, тұрғындармен, жастармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және еріктілермен әңгімелесті. «Бүгін – мемлекетіміз үшін маңызды күн. Референдум азаматтардың таңдауына мүмкіндік берсе, ағаш отырғызу – ұрпақ кәдесіне жарайтын игілікті іс», – деген қала әкімі «Референдум аллеясының» алғашқы ағашын отырғызып, көпке үлгі көрсетті.
Осылайша «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бабаның еккені балаға сая» деп артына ұтқырлы сөз, ұтымды пікір қалдырған дана халықтың Алатау қаласында ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі ұрпақтары референдумда өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп қана қоймай, болашақтың символы ретінде жаңа аллеяның негізін қалады. «Бірлік», «Даму», «Болашақ», «Келісім», «Жауапкершілік», «Жастар», «Жасампаздық», «Халықтар достығы», «Еңбек», «Өркендеу» тағы сол секілді атауларды иелеген ағаштардан тұратын бұл аллеяның ұрпақтар сабақтастығы мен шаһардың жарқын болашағының басты нышанына айналатыны сөзсіз.
«Жаңаталап» шағынауданындағы №1031 референдум учаскесінде тұрғындар ерекше көңіл-күймен жиналып, дауыс беруге белсенді түрде қатысты. Алғашқы дауыс берушілер ел болашағына бейжай қарамайтындықтан таңдау жасауға келгендерін жеткізді. Мемлекет дамуының маңызды кезеңінде әр азаматтың дауысы маңызды екенін жете түсінген жаңаталаптық тұрғындар дауыс беру барысында жоғары жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетті. Олардың ұйымшылдығы әрбір азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігінің айқын көрінісіне айналды.
Референдум учаскесіне ұжым қызметкерлері бірге келіп, біркісідей дауыс берген оқиғалар да болды. Атап айтқанда, «Дольче», «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС, «Lst Market» ұжымы жоғары азаматтық белсенділік танытып, ұжым болып келіп, өз таңдауларын жасады.
«Жетіген» шағынауданындағы №4 орта мектепте орналасқан №379 учаскеде Алатау қаласы мәслихатының депутаттары дауыс берді. Халық қалаулыларын бастап келген мәслихат төрағасы Роза Абилова референдумға қатысу әр азаматтың мемлекет дамуына өз үлесін қосуға берілетін мүмкіндік деп бағалады.
Қаладағы дауыс беру учаскелерінің бірінде жас жұбайлар төбе көрсетті. Олар ел өмірін өзгерістерге бастайтын осы сәтте болашағын бірге елестетіп, болашақ сәбилерінің жынысын жариялайтын гендер-пати өткізді. Бұл ерекше оқиға кезінде әуе шарлары арқылы сәбидің жынысы жарияланып, қатысушылар ерлі-зайыптыларды құттықтады.
Референдумдағы қоғамдық келісім мен мәдени әртүрліліктің жарқын көріністерінің бірі түрлі этнос өкілдерінің белсенді қатысуы болды. №892 референдум учаскесіне азербайжан, түрік және күрд этнос өкілдері ұлттық киіммен барып, өз таңдауларын жасау арқылы ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Ұлттық нақыштағы киім киген азаматтардың дауыс беруі көпшіліктің назарын аударып, учаскелерде ерекше әрі көтеріңкі атмосфера қалыптастырды. Бұл қадам этносаралық татулық пен өзара құрметтің, сондай-ақ көпұлтты қоғамдағы бірлік пен келісімнің айқын белгісі ретінде бағаланды. Қатысушылардың айтуынша, ұлттық киіммен дауыс беру – ата-баба дәстүріне деген құрметтің және Қазақстандағы мәдени алуандықты сақтай отырып, ортақ құндылықтарды дәріптеудің бір жолы. Олар референдумға қатысу арқылы ел дамуына өз үлестерін қосып, ортақ болашақ үшін жауапкершілік танытатынын жеткізді. Сонымен қатар қаладағы «Славяндар» этномәдени орталығының төрағасы Марина Комарова мен осы орталықтың мүшелері «Жетіген» шағынауданында орналасқан №4 орта мектептегі №379 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Славяндар – Алатау қаласындағы қазақтардан кейінгі саны жағынан ең көп этностың бірі. Аталған этносты құрайтын орыс, украин, белорусь және поляктардың жалпы саны шамамен 6 мыңнан асады. Қалалық «Славяндар» этномәдени орталығы 2025 жылы жұмысын бастады. Бүгінде 100-ден астам мүшесі бар орталық қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық татулық пен бірлікті сақтауға өз үлес қосып келеді. Бұл күні Алатау қаласындағы референдум учаскесіне келген барша этнос өкілдері елдің татулығы мен тұрақтылығы үшін дауыс бергенін, себебі қоғамдық келісім мен бейбітшілікте өмір сүруді қалайтындарын жеткізді. Ынтымақ пен бірлік – ел тірегі екені даусыз. Ол референдум барысында анық байқалды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Алатау қаласы




