Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті. ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң Гимн орындалды.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады. Содан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі.
– Қымбатты отандастар! Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен, Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата Заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым.
Енді Халық Конституциясы 1– шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата Заңымыз құтты болсын дегім келеді!
Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі.
Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз біркісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек.
Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық.
Мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын! – деді.
Президент ары қарайғы сөзінде Қазақстан жастарының ерекше белсенділік танытқанын атап өтіп, жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып жатқанын еске салды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет еткенін айтты. Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосқанын жеткізді. Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдауда жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын атап өтті. Бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға беретінін алға тартты.
– Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі.
Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата Заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін!
Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! – деді.
Президент сонымен қатар Ақордада жаңа Конституцияны іске асыру жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Онда «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Алда заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің ережелерін жаңа Конституцияға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс тұрғанын айтты. Ең алдымен, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарының қызметін айқындайтын заңдарды түзеу қажеттілігіне тоқталды.
Жалпы, бірқатар конституциялық заң және өзге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде үш заң қабылдау қажеттігі туындап тұр. Конституция күшіне енетін күнді ескере отырып, тиісті заңдарды Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдау керек. Мемлекет басшысы осы орайда заңдарды сапалы әрі уақтылы әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді кешіктірмей түзеуге тиістігін алға тартты.
Алма ЕСЕНБАЙ




