Былтыр «Көшпенділер қаласына» апаратын жаңа жол салынды. Туристік инфрақұрылым дамуына байланысты келушілер саны көбейген.
Оған дәлел биылғы Наурыз мерекесі болды. Мұнда 21-22 наурыз күндері 3500-ден астам адам келген.
«Тарихпен үндескен нысан туристерге тартымды аймақтың біріне айналды. Енді «Таңбалы тасқа» өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады деп отыр ғой. Онда тіпті керемет болар еді. Өзіміз Алматыда тұрамыз. Бала-шағамыз пәтерден шықпайды. Тарихты тек видеодан, кинодан көреді. Бүгін соларға кішігірім тур ұйымдастырып, қалашыққа келдік. «Көшпенділер» фильмінің түсірілуі жайлы, идея неден шыққанын айтып бердік, тарих парақтарын ақтардық. Кіреберісте көлік қоятын жер жоқ. Кіру ақысы да қолжетімді», – деді демалушы Ертай.
Мұнда келген отбасылар фотосессия жасап, балалар атқа, түйеге, әткеншекке мініп, мәз-мейрам болған. Кей демалушылар Іле өзенінен балық ауласа, кей отбасылар жасыл шөпте дастархан жайып, тауға шыққан.
Нысанды сенімгерлік басқаруға алған компания өкілдері келушілердің көңіл-күйі өте көтеріңкі екенін атап өтті.
«Былтыр бұл аймаққа көктем мен жаз айларын қоса алғанда 5000 адам ғана келген. Ал биыл екі күннің ішінде-ақ сол көрсеткіш орнады. Ары қарай да бұл нысанды күтіп ұстап, көркейтуге, жөндеу жасауға, демалушыларға қолайлы жағдай қалыптастыруға тырысамыз», – деді компания маманы Қанат Азаматов.
Айта кетейік, Іле өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу үшін жоба дайындалуда.




