Наурызнама аясындағы Жаңару күні Жамбыл ауданының Сұраншы батыр, Беріктас және Ақсеңгір ауылында өтті. Үш бірдей елдімекенде қатар ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар ауыл тұрғындарының бірлігін бекемдеп, салт-дәстүріміздің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері және ауыл ақсақалдары қатысып, жылы лебізін арнады. Жаңару күнінде әр отбасының, әр адамның жүрегіне мейірім ұялап, ауылдың бірлігін арттыруға ұйытқы болуын тіледі.
Белгілі қаламгерлер – Сәуле Досжан мен Нағашыбек Қапалбекұлы, аудармашы Самал Соқпақбаева жиналған көпшілікке ұлттық дәстүрдің, мәдени мұраның маңыздылығын түсіндіріп, мерекенің мәнін арттырды.
Наурызнаманың онкүндігі – ұлттық құндылықтарды жаңаша үлгіде дәріптеудің тамаша мүмкіндігі. Мұндай шаралар мәдени сабақтастықты сақтап, халықты біріктірумен қатар, әрқайсымыздың жүрегімізге жылу мен үміт сыйлайды.
Серік Әшімбекұлы
Жамбыл ауданы




