Наурызнама аясында Балқаш ауданы Желтораңғы ауылында ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан жастар арасында жарыс ұйымдастырылды. Аталмыш шара мектеп оқушыларының сана жүйріктігін сынап, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулып, ұлттық спортты насихаттауға бағытталды.
Ауылдағы Мәдениет үйінде өткен тартысты додаға 30-дан астам оқушы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыстың басты мақсаты – жастардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының зияткерлік ойыны ретінде бүгінгі күні кеңінен дамып келеді. Мұндай жарыстар жас ойыншылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Жалпы, елімізде өткізілетін тоғызқұмалақ жарысы ұлттық ойынды дамытуға үлкен серпін беріп жүргенін айта кеткен жөн.
Жарыс барысында қатысушылар өзара бақ сынап, тапқырлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Ойын тартысты өтіп, үздіктер анықталды. Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық ойындардың өркендеуіне үлес қоса бермек.
Құралбек СӘБИТҰЛЫ
Балқаш ауданы




