Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Наурыз мейрамы – қазақ халқына және көптеген елге ортақ, сан ғасырлық тарихы бар қастерлі қазына әрі ұлттық құндылығымыздың бір көрінісі. Күн мен түн теңеліп, Жер-дүние қайта түлейтін шақ. Табиғаттың қайта жаңару кезеңі. Бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнін әрдайым ізгілік пен берекенің бастауы деп ұлықтаған.
Мейірімділік, жанашырлық пен жасампаздық – ұлтымыздың асыл мұрасы. Осы бір ізгі қасиеттер туған өңіріміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ел бірлігін бекемдеп отыр. Тұрақтылық пен өзара түсіністік – біздің ең басты байлығымыз.
Қадірлі жерлестер!
Көреген халқымыз Наурызды әрдайым жақсылықтың жаршысына балаған. Биылғы мейрам ерекше мәнге ие. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында тарихы мыңжылдықтарға ұласқан ұлы мейрамымыз да жаңаша сипатта тойланып отыр.
Баршаңызға мәлім, жуырда ғана референдум өтіп, көпшіліктің қолдауымен жаңа Ата Заң қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойған Жаңа Конституция – еліміздің жаңғыру жолындағы басты құқықтық негізі. Түбегейлі өзгерістер мемлекетіміздің дамуына, өлкеміздің өркендеуіне тың серпін берері сөзсіз.
Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, игі бастамаларымыз оңынан болсын!
Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Ізгі тілекпен,
Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ





