«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының Жамбыл ауданындағы мүшелері бұл күндері халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенділікпен жүргізуде. Олар кезекті осындай шарамен Қарғалы ауылындағы «Дортехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.
Аталған кәспорын ұзақ жылдан бері аудан аумағында жол құрылысымен айналысып келеді. Коалиция өкілдері кәсіпорын кеңсесінде еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшылармен жаңа Конституция жобасын талқылады. Ақпараттық-түсіндіру барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның негізгі ерекшеліктері – адамды ең жоғары құндылық ретінде бекіту, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, еңбек құқықтарын қорғау, цифрлық қауіпсіздік, дәстүрлі отбасы құндылықтарын нығайту мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ билік тармақтарының теңгерімі, бір палаталы Парламент құру, Вице-Президент институтын енгізу сияқты саяси жаңашылдықтар туралы айтып берді.
«Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуының берік негізі. Бұл – тек заңдар жинағы емес, біздің ортақ болашағымыздың айнасы», – деді коалиция мүшесі Армандос Әбілов.
«Дортехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері коалиция өкілдеріне өз сұрақтарын қойып, оған толыққанды жауап алды. Кездесу соңында серіктестік басшылары ұжым атынан коалиция өкілдеріне алғыс айтып, 15 наурызда болатын республикалық референдумға белсене қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы



