Алатау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған «Береке бастауы – бірлік» атты мерекелік шара өтті.
Қазақстан Республикасның Мемлекеттік Гимні шырқалған соң, мінберге көтерілген қоғам қайраткері, тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Асылы Осман әрбір мейрамның өзіндік орны болғанымен, Бірлік күні мерекесінің барша қазақстандықтар үшін жөні бөлек екенін атап өтті. Кеңестік одағы тұсында Еңбекшілердің ынтымақ күнін тойлау үшін барлық мекеме мен кәсіпорында бір ай бойы дайындық жүргізілгенін, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін этностар арасындағы бірлік пен татулықтықты, қоғамдық келісімді насихаттайтын жаңа мазмұндағы мереке болып қалыптасқанын тілге тиек етті. Сондықтан бұл күн зобалаң жылдарда еріксіз жер аударылып, бүгінде Қазақстанда бейбіт ғұмыр кешіп жатқан этностар үшін ерекше мереке екенін, өйткені бірлік болмаған жерде тірлік болмайтынын баса айтты. Одан кейін сөз «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы Лариса Котельниковаға берілді.
– Қазақстан әуел бастан мәдениеттер мен тағдырлар диалогының аймағы ретінде қалыптасты. Әр кезеңде бұл жерге түрлі этностар қоныс аударып,
күрделі тарихи үдерістер өтті. Соған қарамастан мұнда бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырған 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – жай ғана статистика емес, біздің шынайы өміріміз, байлығымыз бен күшіміз. Бүгінде қоғамдық институттар дамуының жаңа кезеңінде тұрмыз. Қалыптасып жатқан Халық Кеңесі – азаматтардың қоғамдық және мемлекеттік өмірге қатысуын күшейтуге арналған құрылым. Бұл үдерісте Ассамблея өз рөлін жоғалтпай, жаңа жүйеге кірігіп, жинақтаған, сыналған тәжірибесін және бірлік құндығын алып келуде. Бұл – өткен жолдан бас тарту емес, соның заңды жалғасы. Біз жасалғанның ең жақсысын сақтап, осы әлеуетті қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа нысандарын дамытуға атсалысамыз, деді Лариса Леонидовна.
Келесі кезекте Алатау қалалық мәслихат төрағасы Роза Абилова, облыстық «РОНАИ» күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Гамзе Гейдаров жиналған қауымды татулық пен келісімнің, достық пен ынтымақтың жарқын мерекесімен құттықтап, бірліктің арқасында барша этнос өкілінің бір шаңырақ астында бір мақсат, бір мүдде жолында бейбіт ғұмыр кешіп жатқанын ерекше атап өтті. Мерекелік шара одан әрі этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерттік бағдарламасына жалғасты. Облыстық қоғамдық келісім және даму орталығының жетекші сарапшысы Әлия Қайыпбай қазақы қоңыр дауыспен жан тербетер ән шырқап, зал толы қауымның жүрегіне жол тауып, көңіл-күйін бір толқытып өтті. Сонымен қатар аталған орталықтың Алатау қалалық бөлімінің жетекші сарапшысы Ғабит Сембиев пен «Русские узоры» тобының әншілері Анастасия Мельник, Светлана Лопатина, Елена Шумская ән-жырдан шашу шашып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Мерекелік шараны қорытындылаған 6654 әскери бөлім командирі, полковник Әлем Тасмағамбетов аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат табыс етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




