Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген әдемі тәмсіл бар. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Осындай сауабы мол игілікті іспен тұрақты айналысып, ел-жұрттың алғысына бөленіп жүрген республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры екені белгілі. Қордағы қайырымды азаматтар үйсіз-күйсіз жүрген отбасылардың баспаналы болуына жәрдем жасап, ел алғысына бөленіп жүр.
Сүйінші сұрар жаңалығымыз сол, Балқаш ауданы Бірлік ауылының тұрғындары Дархан Дүйсенбеков пен Нұргүл Ұмашева аталмыш қайырымдылық қорының қолдауымен баспаналы болды. Ел-жұртты елең еткізген жайдарман жаңалық Дүйсенбеков әулетінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді шексіз қуанышқа бөледі.
Көпбалалы отбасының Бақанас ауылынан тұрғын үй кілтін алуларына ықпал жасаған – республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының Балқаш ауданындағы өкілі Таңшолпан Қасымқызы.
Бұл қайырымдылық қорының Қазақстан бойынша табыстап жатқан 1612- пәтері болса, Дүйсенбековтер әулеті – аудан көлемінде баспана кілтіне қол жеткізген 30-отбасы.
Өңір халқына шексіз қуаныш сыйлап, баспанаға мұқтаж отбасылардың үйлі болуына жәрдем жасап жүрген Таңшолпанның бар арманы – әр отбасының өз пәтері болуы.
Осындай игі іске білек сыбана кірісіп жүрген Таңшолпан мен атсалысқан азаматтарға балқаштық тұрғындар атынан айтар алғысымыз шексіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы





