Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарын аралап, бос тұрған ғимараттар мен жер учаскелерін көрді.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, пайдаланылмай жатқан жайылым жерлер бойынша жалпы көлемі 40 гектарды құрайтын 2 жер учаскесі сотқа жолданды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1904 гектарды құрайтын 9 жер учаскесі, коммерциялық мақсаттағы 21 гектарды құрайтын 11 жер учаскесі тиісті шара қолдану үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Биыл инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ауданы 142 гектар болатын 5 жер учаскесі берілді.
Қала әкімі пайдаланылмай жатқан ауыл ішіндегі жер учаскелерін тиімді қолдану қажет екенін айтып, ауыл әкімдігінің мамандарына тапсырма берді.
«Мұнда спорт алаңын немесе балалар алаңын орнатуға болады. Бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, пайдаға асыру қажет. Ал қирап қалған үйлердің орнын тазалап, тегістеңіздер. Жер учаскелерінің құжаты түгенделмей жатыр, осы жұмысты күшейтіңіздер», – деді Асхат Бердіханов.
Ауылдарды аралаудан кейін ол халықпен кездесу өткізді.


